4 көлік, 2 пәтер: Назым Қызайбай қандай сыйлықтар алғанын айтты

Танымал тележүргізуші Динара Сәтжан өзініңLate night шоуында бокстан Париж Олимпиадасының қола жүлдегері Назым Қызайбайдың сыйлықтарын санады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Боксшы сыйлық алуды Олимпиада ойындарына лицензия жеңгеннен бастаған.

"Олимпиадаға лицензия жеңген кезде Бокс федерациясының президенті Шахмұрат Мүтәліп 10 миллион теңге сыйлық жасады. Қаражатты әлі ешқайда жұмсаған жоқпын, жинап жатырмын. Келесі сыйлық Zeekr көлігі мен Алматыдан 1 бөлмелі пәтер, оны Алматы қаласының әкімі сыйлады, оған қоса 4 миллион теңге сыйақы. Пәтердің кілтін әлі алған жоқпыз, өйткені сыйлықтарды табыстаған кезде пәтердің жаңа тұрғын үй кешенінен сатып алынғанын, оның құрылысы әлі аяқталмағанын айтқан болатын. 1-2 ай күту керек болды, міне, енді жақында аламыз деген ойдамын. Неліктен 1 бөлме екенін білмеймін, негізі бұған дейін де көріп жүрміз, Олимпиада ойындарынан бірінші орын алғандарға 3 бөлме, екінші орын алғандарға 2 бөлме, үшінші орын алғандарға 1 бөлмелі пәтер. Келесі сыйлық Li 6 көлігі, өте жақсы көлік екен, өзіме ұнады. Сыйлықты Алматы қаласының Бокс федерециясының бастығы табыстады", - деді ол.

Сондай-ақ Назым Қызайбай алғаш көліктің кілтін қай өңір табыстағанын да айтты.

Ең бірінші автокөлікті негізі Алматы облысы Райымбек ауданы Сарыжаз ауылы сыйлаған болатын, ол осындай Li 7, тек ақ түсті көлік еді. Сол көлікті өзім қазір тізгіндеп жүрмін. Келесі көлік Mini Cooper, бұл көлікті Руслан Берденов, Сырым, Жұмабек ағаларымыз бастаған бір топ адам сыйлады. Менен басқа, Елдос Сметов, Айбек пен Нұрбек Оралбайға да көлік сыйланды. Сонымен менің паркингімде Zeekr, Li 6, Li 7, Mini Cooper және Алматыдан 1 бөлмелі пәтер, Алматы облысынан 3 бөлмелі пәтер бар. Оның кілтін бірден табыстады, үйді барып көріп, қазір жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ал Үкімет беретін 75 мың доллар сомасындағы міндетті сыйақыны әлі алған жоқпыз. Қашан түсетінін сұрамадық, өзі түскенге дейін күтеміз", - деді ол.

Ол өзіне табысталған көліктің екеуін сатып жібергенін, бұған не себеп болғанын түсіндірді.

"Zeekr, Mini Cooper көліктерін сатып жібердім. Төрт көлікті кезек-кезек мініп жүретін бай емеспіз, сондықтан оны сатып, өзіме қажетті басқа дүниеге сақтап отырмын. Оған қоса менің туыс-бауырларым бар, сол кісілерге көмектестім, өзімнің мақсатым бар, соған жинап отырмын", - деді Назым Қызайбай.

Айта кетейік, боксшы Назым Қызайбай 2024 жылғы Жазғы олимпиада ойындарында ел қоржынына қола медаль салған еді. 

Кейінірек ол алғашқы медалін сатып жібергісі келгенін жеткізді.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!