Сыбайлас жемқорлық үшін сотталған бұрынғы қаржы вице-министрі Руслан Еңсебаев үкім шыққан күннен 81 күн өткеннен кейін бостандыққа шықты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Хабар 24" телеарнасына сілтеме жасап.
"Руслан Еңсебаев бір миллион 200 мың теңге пара алғаны үшін кінәлі деп танылды. Сот оны төрт жылға бас бостандығынан айырды. Бірақ 2,5 айдан кейін сот жазаны өзгертіп, экс-шенеунікке 66 миллион теңге айыппұл төлеуге үкім шығарды. Шешімді елордалық соттың қылмыстық істер жөніндегі алқасы қабылдады", - деп хабарлады телеарна.
Еске салайық, Руслан Еңсебаевқа үкім 2021 жылғы 23 қыркүйекте шықты. ҚР Қылмыстық кодекстің 366-бабы 2-бөлігінде көзделген қылмыстық құқықбұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танылды. Өмір бойына мемлекеттік қызметте лауазымдарды атқару құқығынан айыра отырып, қылмыстық-атқару жүйесінің орташа қауіпсіздік мекемелерінде өтеуге төрт жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!