4-5 бөлмелі жер үй салуға қанша қаржы керек? Есептедік

Баспана мәселесі - қазақстандықтардың басты проблемасының бірі. Қалтаңызда қыруар қаржы болса, арманыңыздағы үйді салуға мүмкіндік бар. Үнемдеймін десеңіз қандай ережелерді басшылыққа алған дұрыс? Massaget.kz тілшісі нарықтағы бағаларға шолу жасап, 4-5 бөлмелі үй салуға қанша теңге қажет болатынын есептеді.

№1 Жер бағасы қанша?

Алдымен өзіңізге ыңғайлы жер таңдап алғаныңыз абзал. Қаланың ішінде орналасқан болса, 4 соттық жер үшін 10 миллион - 15 миллион қаржыңыз болуы шарт. Ал ауыл-аймақтан таңдағыңыз келсе, 1 миллион - 3 миллион ақшаны жер иесіне санап бересіз.

Сатып алынған жерге үй салу үшін мына ережелерді білу керек:

- Алдымен жер учаскесіне салынатын үй көшеден 3 метрге алыс болуы шарт.

- Учаскені қоршау заң бойынша жүзеге асады.

- Үй салуға арнайы рұқсат алу керек.

- Өрт қауіпсіздігін алдын-алу мақсатында көршіңізден тұрғызылған үйіңіз 3-4 метрге алыс болуы қажет.

Қандай көлемдегі үй саласыз - өз таңдауыңыз. Ал біз көлемі 10х10 шаршы метр, 4-5 бөлмелі тұрғын үйге кететін шығынды есептедік.

Көрнекі сурет: pixabay.com

№2 Үйдің іргетасын қалауға қанша ақша кетеді?

Дайын бетон 20 метр куб - 400 мың теңге.

Ұсақ құм - 20 мың мен 30 мың теңге аралығында.

Қызыл кірпіш бір данасы - 32 теңге.

4-5 бөлмелі үйге 30 мың қызыл кірпіш пайдаланылса, шамамен 960 мың теңге қажет болады.

Қасбеттік қызыл кірпіш бір данасы - 170 теңге.

4-5 бөлмелі үйге 25 мың қасбеттік қызыл кірпіш пайдаланылса, 4 миллион 250 мың теңге шығады.

Кірпіштердің арасын бекіту үшін 1,5-2 тонна цемент 40 мың теңгеге шығады.

Үй шатыры, шатыр жабылатын торкөз ағаштар, жылытқыш, астыңғы тіреуіш қабаттың жалпы бағасы - 450 мың - 500 мың теңге арасы.

№3 Үйдің сыртқы жөндеу жұмыстарына қанша кетеді?

Сым темірдің 1 метрі үшін 1000 теңге, демек 20 метрі үшін 20 мың теңге кетеді.

Пеноплекстің 1 данасы 12 мың теңге, 100 данасы 1 миллион 200 мың теңге.


Көрнекі сурет: pixabay.com

№4 Ішкі жөндеу жұмыстары үшін қанша керек?

Қабырғаны тегістеуге арналған қоспа - 30 келі, бір келісі - 500 теңге.

Бір бөлме үшін 60 келі керек. 5 бөлмеге 500 теңгеден есептесек, 150 мың теңге болады.

Қабырғаға арналған түсқағаздар желімді қоса есептегенде:

Бір орамы - 2260 теңге. 1 бөлме үшін 7-8 рулон керек, 5 бөлмеге 90 мың 400 теңге қажет.

Еденге арналған паркеттер желімді қоса есептегенде:

Линолеум 1 метрі үшін 1000-1500 теңге. 10 шаршы метр үшін 10 мың теңге қажет.

№5 Жылу жүйесіне қанша қаржы керек?

1 батарея және жалғанатын кернейлер - 30 мың мен 40 мың аралығында. 5 бөлме 30 мың теңгеден есептелсе, 150-200 мың теңге аралығында қажет. Газ пеші 147 мың теңге тұрады.


Көрнекі сурет: pixabay.com

№6 Есік-терезе бағасы неше теңге?

Есік-терезе саны - 5. Стандарт терезе бағасы - 15.000 теңге. Бесеуіне 75 мың теңге қажет.

Стандарт есік бағасы - 22 мың теңге. Бесеуіне 110 мың теңге керек.

Айта кетейік, бұл баға үйдің бастапқы әрлеу нұсқасы бойынша есептелген. Сонымен қатар, ол нарықтағы ең төмен көрсеткішпен есептелді. Үй құрылысына қажет материалдардан бөлек, ауланы қоршау, сала мамандарының қызметіне төленетін шығынды да ескеру қажет.

Базардағы және интернет желісіндегі жуықтап шығарған баға бойынша 10х10 шаршы метр, 4-5 бөлмелі тұрғын үйге жалпы кемінде 15 миллион теңге - 20 миллион теңге қаражат кетеді.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!