- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- 3D мүмкіндікке ие...
3D мүмкіндікке ие дисплейлер шығады
Еуропалық Одақ қаржыландырып отырған бір топ ғалым сенсорлы экрандағы суретті бармақпен тартып шығара алатын дисплейдің жаңа типін құрастыруда. Сонымен қатар, белгіленген суретті экраннан тыс кеңістікте қозғалтуға мүмкіндік қарастырылады.
Өзінің екі өлшемді (2D) кеңістіктегі пішінін өзгерте алатын дисплей еуропалық ғалымдар бастаған GHOST (Generic, Highly-Organic Shape-Changing Interfaces) жобасының бір бөлігі болып табылады. Бұл зерттеу жобасының қолға алынғанына үш жыл болды. Айта кетсек, жобаға Копенгаген, Бристоль, Ланкастер және Эйндховен университеттерінің ғалымдары қатысып келеді.
Инновациялық өнімнің техникалық мінездемесіне тоқтала кетсек, дисплейде айнаның орнына лайкра (эластикалық синтетикалық материал) қолданылады. Арнайы құрылған компьютер алгоритмдері бармақтың енуін анықтап, дисплейдің созылуын қамтамасыз етеді. Ал сенсорлы экранның эластикалық қабатын үш өлшемді кеңістікке (3D) шығару мүмкіндігі ультрадыбысты левитация технологиясы негізінде жасалған.
Зерттеушілердің айтуынша, өздері құрған технология болашақта кеңінен қолданысқа енетін болады. Өз пішінін өзгерте алатын дисплейлер шамамен бес жылдан кейін жаппай қолданысқа берілмек.
Бүгінде жаңа типтегі дисплейдің бірнеше прототипі жасалған. Олардың бірі жанасу голограммасын қалыптастыра алады. Нақтырақ айтар болсақ, инженерлер сенсорлы экраннан суреттің үш өлшемді кеңістігін (3D) шығару мүмкіндігін жасаған.
Ж. Өрісбай