- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- 380 мыңға жуық...
380 мыңға жуық қазақстандық Қытайдан тапсырысын неге жеткізе алмай отыр?
Редакциямызға қытайлық танымал сайттан тапсырыс берген азаматтар үздіксіз хабарласуда. Айтуларынша, желтоқсанның ортасында келуі тиіс заттар шекарада қозғалыссыз тұр. "JANA POST" тасымал логистикалық компаниясы тауарының шекарадан өтпеуіне не себеп? Мемлекеттік кірістер комитеті мәселені қалай шешпек? Massaget.kz тілшісі тақырыпты зерттеп көрді.
Тапсырыс берушілер "әдетте тауар 12-15 күннің ішінде келетін" дейді. Бұл жолы да мыңдаған азамат жаңа жыл қарсаңында сыйлықтар мен қысқы киімдер алдыртпақшы болыпты. Алайда жүк көліктері көрші елдің шекарасынан өткенімен, ел аумағына кірер тұста тұралап қалған.
"Мен өзім мұғаліммін. Жыл сайын көп балалы немесе жағдайы төмен отбасының оқушылары үшін мектепішілік қайырымдылық акцияларын өткізетінбіз. Биыл да "Балаға мейірім сыйлайық" жаңа жылдық акциясының қарсаңында жалпы сомасы шамамен 200 мың теңгеге түрлі сыйлықтарға тапсырыс берген едім. Алтыншы желтоқсан берген тапсырысым екі аптаның ішінде келуі тиіс болған. Бірақ арада 20 күн өтсе де еш өзгеріс жоқ. Біздің "Jana post" логистикалық компаниясына еш өкпеміз жоқ. Тек мәселеміз тезірек шешілсе деймін", - дейді тапсырыс берушілердің бірі.
Фото: Massaget.kz
Қазақстан бойынша 380 мың адам бас-аяғы 800 мыңға жуық затқа тапсырыс беріпті. Жүк көліктері Қорғас шекарасындағы "Нұр Жолы" кеденінде тұрып қалған. Ал компанияның "Атамекен" ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасына түсірген шағымы бойынша "Jana Post" ЖШС операциялық шығындар, айыппұлдар және жаңа жылға тапсырыс берген клиенттердің жоғалуын қоса алғанда, кідірістерге байланысты шығындарға тап болғанын айтқан. 2023 жылғы 21 желтоқсандағы Бас көлік прокуратурасына берген мәлімдемесінде "Jana post" басшылығы қозғалыссыз тұрған әр тәулік үшін 25 000 000 теңге көлемінде шығынданып жатқанын жеткізген.
"Қазіргі таңда Қытаймен шекарадағы "Нұр жолы" кеден бекетінде тауар тиелген қазақстандықтарға тиесілі 17 автокөлік 11 күннен бері қозғалыссыз тұр. Тұралаудың басты себебі - ҚР Қаржы министрлігі мемлекеттік кірістер комитеті тарапынан тауарды бері шығаруға мақұлдаудың болмауы. Сонымен қатар жүк кідірісі кезінде кейбір жүк көлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің кедендік тексеруінен қайта өтуге мәжбүр болған. Тексеру нәтижесі бойынша кәсіпкерлерге тексеру жүргізудің себептері мен нәтижелері көрсетілмей, тексеру актісі ұсынылмаған", - делінген "Атамекен" Ұлттық кәсіпкерлер палатасының ресми парақшасында.
ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитеті "Нұр жолы" кеден бекетінде жүк автокөліктерінің тоқтап қалуына қатысты ақпаратқа қатысты арнайы түсініктеме берді.
"Қазақстандық азаматтардың тауарлары тиелген ондаған автокөлік құралдары Қытаймен шекарадағы – "Нұр Жолы" кеден бекетінде 11 күн бойыы тұр. Бүгінгі таңда жүк автокөліктерінің жиналуына жол бермеу үшін бүкіл сыртқы шекарада "CarGoRuqsat" электронды кезегі сәтті жұмыс істеуде. Өз кезегінде, Мемлекеттік кірістер комитеті "Нұр Жолы" кеден бекетінде автокөлік құралдарының жиналуы жоқ екенін хабарлайды. Тауар айналымы мен өткізу қабілетін арттыру мақсатында "Нұр Жолы" кеден бекеті тәулік бойы жұмыс режиміне көшкен", - делінген хабарламада.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
Ж. Зинешов