Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Massaget.kz тілшісінің ресми сауалына жауап беріп, декретке шығатын максималды сома қалай есептелетінін, 2022 жылы және жыл басынан бері қанша әйел декретке шыққанын мәлімдеді.
Декретке шығатын максималды сома қанша? Бірнеше жұмыс орнын қосқанда да сол сома сақтала ма?
Жүктілікке және босануға байланысты кірісінен айырылу жағдайына әлеуметтік төлем мөлшері еңбекке уақытша жарамсыздық парағындағы еңбекке қабілетсіздік күндері санының коэффициентін демалыс берiлген күннің алдындағы соңғы 12 айда Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына әлеуметтік аударымдар төленген орташа айлық табысқа көбейту арқылы анықталады.
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес еңбекке уақытша жарамсыздық парағы жүктілік пен босану жағдайына байланысты, сондай-ақ ядролық сынақтардан зардап шеккен аумақтарда тұруды ескере отырып, әртүрлі кезеңдерге беріледі.
Бұл ретте, "Міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы" Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 15-бабының 5-тармағына сәйкес бір төлеушіден (жұмыс берушіден) түсетін әлеуметтік аударымдар есептелетін ай сайынғы кіріс тиісті қаржы жылына республикалық бюджет туралы заңда белгiленген ең төмен жалақының (бұдан әрі – ЕТЖ) 7 еселенген мөлшерiнен аспауы тиіс.
Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушының пайдасына бір айда екі және одан да көп төлеушілерден (жұмыс берушілерден) әлеуметтік аударымдар түскен жағдайда, әрбір төлеушіден келіп түскен әлеуметтік аударымдар бойынша ай сайынғы кіріс 7 еселенген ЕТЖ мөлшерінен аспайтын мөлшерде есептеледі, кейін олар жинақталады.
Осылайша, Заңда аталған әлеуметтік төлемнің ең жоғары мөлшері белгіленбеген.
Заңның 12-бабы 2-тармағының 1) тармақшасына сәйкес өтініш беруші әлеуметтік төлемдерді тағайындауға қажетті анық құжаттарды (мәліметтерді) ұсынуға міндетті екенін атап өткен жөн. Өз кезегінде, Заңның 19-бабы 5-тармағының негізінде Қор филиалы әлеуметтік төлемдерді тағайындау үшін қажетті құжаттардың (мәліметтердің) дұрыстығын, оның ішінде мемлекеттік кірістер органдары арқылы алынған кірістердің дұрыстығын тексеруге құқылы.
Былтыр және биыл жыл басынан бері қанша әйел декретке шықты?
Аталған төлем 2022 жылы жалпы 195,8 млрд.теңге сомасында 241 569 адамға, ал 2023 жылдың қаңтар-сәуір айларында 96,3 млрд.теңге сомасында 87 762 адамға тағайындалды. Заңда аталған әлеуметтік төлемнің ең жоғары (максималды )мөлшері белгіленбеген.
Жеке кәсіпкер (ИП) ретінде 2022 жылы және жыл басынан бері қанша әйел декретке шықты?
Аталған төлем 2022 жылы 37,2 млрд.теңге сомасында 41 877 дара (жеке) кәсіпкерге, ал 2023 жылдың қаңтар-сәуір айларында 24,9 млрд.теңге сомасында 24 717 дара (жеке) кәсіпкерге тағайындалды.