Ақтөбеде медициналық-әлеуметтік сараптама бөлімінің басшысы мен сарапшы дәрігері пара алғаны үшін сотталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Ақтөбе қаласының №2 соты ірі мөлшерде пара алу және пара алуда делдалдық жасады деген айыппен медициналық-сараптама бөлімінің басшысы К.-ға қатысты қылмыстық істі қарады. Бөлім басшысы К. 2021 жылғы қазаннан 2022 жылғы қарашаға дейін медициналық-әлеуметтік сараптаманы кедергісіз жүргізгені және әртүрлі топтағы мүгедектік белгілегені үшін 6 адамнан жалпы сомасы 800 000 теңге көлемінде бірнеше рет пара алған. Сондай-ақ, 3-топтағы мүгедектікті заңсыз тағайындап, тиісті анықтама бергені үшін делдал сарапшы-дәрігер К. арқылы 250 000 теңге сомасында пара алған.
Сот отырысында сотталушылар кінәсін мойындады. Олардың кінәсі куәгерлердің айғақтары, мамандардың қорытындысы, мүгедектігі бар адамдардың медициналық құжаттарымен расталған.
Сот К.-нің келтірілген шығынды ерікті түрде өтегенін ескерген. Сотталушылардың қылмыстық жауаптылығын ауырлататын мән-жайлар анықталмаған.
"Сот үкімімен олар кінәлі деп танылып, К-ға. пара алғаны үшін параның 35 еселенген сомасы, яғни 36 750 000 теңге мөлшерінде айыппұл, ал парақорлыққа делдалдығы үшін К.-ға параның 10 еселенген сомасы, яғни 2 500 000 теңге мөлшерінде айыппұл тағайындалды", - делінген Ақтөбе қаласының № 2 сотының баспасөз қызметі хабарламасында.
Сотталғандардың екеуіне де белгілі бір лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айыру түрінде қосымша жаза тағайындалды. Ал Ақтөбе облысы бойынша бақылау және әлеуметтік қорғау департаменті басшысының атына жеке қаулы шығарылған. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
К.Сексенбай
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!