"350 теңге": ШҚО-да қала тұрғындары жол ақысын қымбаттату туралы ұсынысқа шағымданды
Өңірде Алтай мен Серебрянск қалаларындағы жолаушы тасымалдаушылардың айтуларынша, олай етпесе жанармайға кететін шығын ақталмайды. Соңғы бес жыл көлемінде бұл жақтағы жол ақысы 80 теңгеден аспаған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Алтай аудандық қоғамдық кеңесінде жолаушы тасымалдаушылардың тариф мөлшерін көтеру туралы мәселесі талқыланды. Жанар-жағармай мен қосалқы бөлшектердің қымбаттап жатқанын алға тартқан кәсіпкерлер қала ішіндегі жолақының 120 теңге болғаны жөн деді. Олар былтырдан бері аудандық бюджеттен субсидия алып, шығындарын жауып отырған.
"Тарифтер арнайы схема бойынша белгіленеді, ол жаққа біз шығындарымызды аударып отырамыз. Осы бір кемшін тұсты реттеу үшін қала ішіндегі жолақысын 350 теңге қылу керек. Сонда шығынсыз жұмыс істеуге болады. Қосалқы бөлшектер мен дөңгелектер де біршама қымбаттаған. Басқа қалаларда бағаны әр жылы 10 теңгеге қымбаттатып отырды, ал біз бес жыл бойы ұстап келдік. Бұған тұрғындардың наразы болатындығы сөзсіз, бірақ 120 теңге деген ең орынды шешім", – деді кәсіпкер Виктор Абрамов.
Кәсіпкерлер есебінше, бағаны бес жыл көтермеу салдарынан табыстың 80 пайызынан айырылды. Жұмыс тоқтап қалмас үшін көлікке құятын ең арзан май мен қолданыста болған қосалқы бөлшектерді сатып алып келген. Қыста жазда құйылатын жағармаймен жүріпті. Көлік саймандары қымбаттаса да басқа дүниелер арзандап жатқан жоқ қой. Жолақы 120 теңгемен шектелсе мақұл, 350 теңге деген артық. Азық-түлік пен дәрі-дәрмектің бағасы аспандап тұр", – деді тұрғын Жұлдыз Қайратқызы.
Аида Бектұрғанова есімді тағы бір тұрғын "олай болса жалақы мен зейнетақыны да жыл сайын көтеру керек" деп жазды.
Ардагерлер кеңесінің төрайымы Элла Гейгердің сөзінше, бағаны қымбаттату бар мәселенің тиімді шешімі.
"Тұрғындар түсіністік танытып, жолақыны көтеру жағына қабақ шытпаулары тиіс деп ойлаймын. Сонда қоғамдық көліктер де уақтылы қатынайды. Бірақ бағаның қымбаттауына қарай автобустар кестеден кешікпесе екен", – деді ол.
Көптің шешімі өзгерісті қолдауға әзір. Бірақ толықтай заңды күшіне енуі үшін әлі жан-жақты есеп-қисабы мен кем-кетіктері сараланбақ. Аудандық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміндегілердің сөзінше, бұған екі ай уақыт кетеді.
Асыл Бигелді
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Қ. Әбілдәқызы