3,5 тонна ұн сақталған. Арменияда 3 мың жылдық наубайхана табылды

Польша мен армян ғалымдарынан құралған археологтар тобы өткен жылы Арменияның батыс бөлігінде орналасқан Мецамор қаласында қазба жұмыстарын жүргізді. Жұмыс барысында олар әр жерде ақ ұнтақ шашылған, дәлірек айтсақ, сұр түсті, кір араласқан көне құрылыстың қирандыларына тап болған. Қазба барысында пеш те табылды, зерттей келе ғалымдар оның ежелгі наубайхана екенін анықтады. Ал шашылып жатқан ұнтақ ұн болып шықты, оның көлемін ғалымдар 3,5 тоннаға бағалап отыр. Зерттеу көрсеткендей, қирандылардың жасы шамамен – 3000 жыл.  Наубайхана біздің дәуірімізге дейінгі ХІ-ІХ ғасырлар аралығында темір дәуірінде жұмыс істеген.

Археологтар үш тоннадан астам ұн сақталған 3 мың жылдық наубайхананың қирандыларын тапты. © Patrick Okrajek\naukawpolsce.pl

Мецамор қола дәуіріндегі бекініс қаласы болған

Мецамор – Арарат аңғарында өзеннің бастауында орналасқан ежелгі қала-бекініс. Ол Армения астанасы Ереван қаласынан батысқа қарай 30 км жерде орналасқан. Алдыңғы археологиялық қазбалар Мецаморды біздің эрамызға дейінгі төртінші мыңжылдықтың ортасынан бастап адамдар үздіксіз мекендегенін көрсетті. Үшінші мыңжылдықта, яғни ерте қола дәуірінде Арарат алқабының мәдени орталықтарының біріне айналған.

Ғалымдар ежелгі Мецамор қонысы армяндардың алғашқы астанасы болған деп болжайды. Алайда бұл қаланың алғашқы тұрғындары туралы мәлімет аз, өйткені олардың жазба тілі болмаған. Қала бір кездері І Аргишти патша жаулап алғаннан кейін інжілдегі Урарат немесе Урарту патшалығына тиесілі екені белгілі.

Қола дәуіріндегі бекіністі Мецамор қаласы. Ежелгі Метсамор қаласының жоғарғы көрінісі (төменнен қаланы қоршап тұрған қабырғаның бір бөлігі көрінеді) © Patrick Okrajek\naukawpolsce.pl

Қала 100 га аумақта орналасқан және жеті ғибадатханасы бар. Айтпақшы, дәл Урарту аумағында ежелгі грек мифтерінде айтылатын аңызға айналған амазонкалар өмір сүрген деген болжам бар. Басқа тұрғындармен бірге олар да Мецаморды мекендеген болуы әбден мүмкін.

Қазіргі уақытта Мецамор археологиялық қорық мәртебесін алған қорғалатын археологиялық нысан саналады. Ғалымдар оның аумағында 1965 жылдан бері қазба жұмыстарын жүргізіп келеді. Мұнда 2013 жылдан бастап поляк ғалымдар тобы жұмыс істей бастады.

Армениядағы ерекше археологиялық жәдігер

Ғалымдар Мецамордағы көне ғимараттың қирандыларынан ұн тапқанда, олардың алдында органикалық нәрсе тұрғанын бірден түсінген. Дегенмен, сыртқы жағынан, ол ұнтақ күлге көбірек ұқсады. Археологтар зерттеу үшін бұл материалдан төрт-бес қап жинаған. Химиялық талдау нәтижесінде белгілі болғандай, бұл нан пісіруге пайдаланылған бидай ұны екен. Бұл туралы Польшаның Science басылымы хабарлады.

Зерттеушілердің айтуынша, өрт салдарынан наубайхананың шатыры опырылып түскен. Осының арқасында ол астындағының бәрін осы уақытқа дейін сақтап қалған. Алайда, өрт кезінде ұнның жанбағаны қызық.

Қазіргі уақытта ұнның көне қалдықтары ғана қалған. Себебі  олардың мақсатына сай емес. Мыңдаған жыл  бойы ол бірнеше ондаған сантиметр қалыңдықтағы топырақ қабатына араласып кеткен.

Мецамордағы ежелгі наубайхана

Табылған наубайхана, ғалымдардың айтуынша, Мецамордағы ең көне ғимараттардың бірі. Ол төменгі қала деп аталатын жерде, яғни бекіністердің негізгі желісінен тыс жерде орналасқан. Наубайхана өте үлкен және екі қатарға орнатылған 18 ағаш бағанасы болған. Бағаналар саман шатырды көтеріп тұрған. Ғимараттың көлемі шамамен – 25 метр.

Мецамордағы ежелгі наубайхана. Фотосуретте күлге ұқсайтын ұнның қалдықтарын көруге болады. © Patrick Okrajek\naukawpolsce.pl

Болжам бойынша, ғимарат бастапқыда наубайхана болмаған. Ол рәсімдер немесе жиналыстар өткізуге арналған зал ретінде пайдаланылған. Одан кейін неге екені белгісіз, ғимарат наубайханаға айналған. Ғимарат ұн қоймасы ретінде де қызмет еткен.

Қазіргі уақытта бағандардың  іргетасы мен өртенген арқалық сынықтары, сонымен қатар шатыры мен пештердің қирандылары ғана сақталған. Ғалымдар зерттеулерін жалғастыруда және олар наубайхана туралы көбірек ақпарат жинауға жұмыс істеп жатыр.