Түркістан облысында 35 мың оқушыға орын жетпейді. Бұл туралы облыс әкімі Дархан Сатыбалды айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Облыста демографиялық өсім жоғары. Өңірдегі оқушы орнының тапшылығы - 35 мың орын. Бұл мәселені шешу үшін 4 бағытта жұмыс істеп жатырмыз. Бюджет есебінен жобалық қуаты 8250 орын болатын 34 мектеп салынып жатыр. Биыл 20 мектепті тапсыру жоспарланған. Бүгінде 6 мектеп пайдалануға берілді", - деді Дархан Сатыбалды өңірлік коммуникация қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.
Оның айтуынша, Президент бастамасымен құрылған "Білім инфрақұрылымын қолдау қоры" арқылы құны 9,4 миллиард теңге болатын 9 мектеп салынып жатыр. Нәтижесінде 6650 оқушы жаңа мектепке бара алады.
"Жайлы мектеп" жобасы шеңберінде 3 жылда 63 мектеп салынады. Жобалық қуаты - 49 мың орын. 2024 жылы 29 мектеп пайдалануға беріледі. Қалған 34 мектепті 2025 жылы тапсыру жоспарланып отыр. Сондай-ақ, жеке инвестиция есебінен жобалық қуаты 5000 орын болатын тағы 17 мектеп салынды. Биыл "Жайлы мектеп" жобасы бойынша 29 мектептің құрылысы басталады. Мердігерлер анықталды. Тиісті жұмыс жүргізіліп жатыр", - деді облыс әкімі.
Нәтижесінде Түркістан облысында 3 жылда 100-ден аса мектеп салынады. Сондай-ақ, Дархан Сатыбалды білім ордалары күрделі жөндеуден өтетінін атап өтті.
"Қазір облыста 121 мектепке талдау жүргізіліп жатыр. Олар 1939-2011 жылдар аралығында пайдалануға берілген. Оның 51-іне 302 миллион теңге бөлініп, жобалық-сметалық құжаттары әзірленді. Осы мектептерді күрделі жөндеуге облыстық бюджет және "Ауыл - Ел бесігі" бағдарламасы арқылы кезең-кезеңімен 2024-2025 жылдар аралығында 38,9 миллиард теңге қарастырылған. Қалған 70 мектептің жобалық-сметалық құжаттарын әзірленіп жатыр. 2024-2025 жылғы бюджетке керек қаражат енгізу жоспарланып отыр", - деді ол.
Аяз Есен
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!