3,5 млрд теңге шығын: Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорынан заңсыз ақша алу схемалары әшкере болды

Қаржылық мониторинг агенттігі шамамен 140 мың азаматты медициналық ұйымдарға жалған тіркеу және көрсетілмеген медициналық қызмет туралы жалған мәлімет енгізу арқылы Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорынан заңсыз қаржы алу схемаларын анықтады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Осы дерек бойынша 36 қылмыстық іс тергеліп жатыр. Алдын ала есеп бойынша мемлекетке келген шығын 3,5 млрд теңгеден асады.

Түркістан облысында келген шығын 501 млн теңгеден асты

Мәселен, Түркістан облысында Жетісай көпсалалы аудандық ауруханасының лауазымды тұлғаларына қатысты тергеу жүргізіліп жатыр. Тергеу мәліметіне сәйкес міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) аясында бөлінген қаражат іс жүзінде ешқандай қызмет көрсетпеген әрі тауар жеткізбеген 20-дан аса жеке кәсіпкердің есепшотына аударылған.

Кәсіпкерлер медициналық мекемемен ешқандай шарт жасаспаған. Ал олардың дерегі ақшаны заңсыз шығарып, кейін қолма-қол ақшаға айналдыру үшін пайдаланылған. Мемлекетке келген шығын 501 млн теңгеден асты. Екі күдікті қамауға алынды.

Астанадағы былық

Астанада Forte Clinic ЖШС жеке клиникасының басшысы Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорынан заңсыз қаржы алу схемасын ұйымдастырғаны үшін 5 жылға бас бостандығынан айырылды. Ал оның сыбайласы - Денсаулық сақтауды дамытудың ұлттық ғылыми орталығының қызметкері азаматтарды тіркеуге қатысты өтініштерді заңсыз мақұлдағаны үшін 3 жылға сотталды. Қылмыстық схема нәтижесінде клиникаға 15 мыңнан аса азамат заңсыз тіркелген.

Сонымен қатар, Damu Med ақпараттық жүйесі арқылы 79 млн теңге болатын жалған медициналық қызмет рәсімделген.

Алматы облысындағы заңсыздық

Алматы облысында Mydental.kz ЖШС мен "Стоматология Dr. Nurzhanova" ЖШС клиникаларының басшысы стоматологиялық қызмет көрсету кезінде алаяқтық жасағаны үшін мүлкі тәркіленіп, 4 жылға бас бостандығынан айырылды. Агенттік мәліметінше, науқастарға ешқандай қызмет көрсетілмеген. Ал құжаттарды рәсімдеу үшін дәрігерлердің жазбалары мен кәмелетке толмаған науқастардың жеке дерегі пайдаланылған.

Жалған медициналық қызмет көрсетудің 4,5 мыңнан аса дерегі анықталып, мемлекетке 66 млн теңге шығын келген. 

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!