- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- 35 жасқа дейін....
35 жасқа дейін. "Жас шаңырақ" тұрғын үй бағдарламасы туралы не белгілі?
"Отбасы банк" пен Қостанай облысы әкімдігі "Жас шаңырақ" тұрғын үй бағдарламасын іске қосады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Отбасы банктің" баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жаңа жоба жас қостанайлықтарға қолжетімді шарттармен жеке баспана сатып алуға мүмкіндік береді. Алғашқы кезеңде "Отбасы банк" ("Бәйтерек" холдингінің еншілес ұйымы) "Жас шаңырақ" бағдарламасын қаржыландыруға 350 миллион теңге бөледі. Бұл меморандумға облыс әкімі Архимед Мұхамбетов пен "Отбасы банк" АҚ басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова қол қойған.
"Жас шаңыраққа" 35 жасқа дейінгі Қостанай қаласының тұрғындары қатыса алады. Мемлекеттік немесе бюджеттік денсаулық сақтау ұйымдарында, әлеуметтік салада, коммуналдық қызметтерде жұмыс істейтін азаматтар өтініш бере алады.
Бағдарламаға қатысушылардың ресми жұмыс тәжірибесі өтініш берген кездегі кейінгі 12 айдан кем болмауы тиіс. Табысы да есепке алынады. Кейінгі 6 айда отбасының әрбір мүшесіне шаққандағы табыс 6 ең төменгі күнкөріс деңгейінен аспауы керек (1 КМ - 37 389 теңге). Сондай-ақ, бағдарламаға қатысушы мен отбасы мүшелерінің кейінгі 5 жыл ішінде жылжымайтын мүлкі болмауы керек.
"Отбасы банк" жастарға арналған алғашқы тұрғын үй бағдарламасын осыдан 5 жыл бұрын Алматы қаласының әкімдігімен бірлесе бастады, ізінше бұл бастамаға Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі қосылды. Биыл бұл бастаманы тағы үш қала қолдап отыр - Қарағанды, Тараз және Қостанай. Жалпы, осы уақытқа дейін жастарды жеңілдетілген шарттармен несиелендіруге жергілікті әкімдіктер мен "Отбасы банк" 58 миллиард теңге бөлді. Осылайша, жас азаматтардың жергілікті жерлердегі баспана мәселесі шешіліп жатыр. Бұл олар үшін өте маңызды. Өйткені жеке баспана - болашаққа деген сенім, отбасын құруға, кәсіби өсуге деген ұмтылыс", - деп түсіндірді "Отбасы банк" АҚ басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова.
"Жас шаңырақ" бағдарламасына өтініштер шамамен, қыркүйекте басталады. Нақты күні Қостанай тұрғындарына қосымша хабарланатыны айтылды.
Өтінімдерді қабылдау аяқталғаннан кейін арнайы комиссия жинаған ұпайлары бойынша бағдарламаға қатысушыларды таңдайды. Ұпайлар санына некеде қанша жыл тұрғаны, балаларының болуы, жұмыс тәжірибесі, кәсіби және әлеуметтік жетістіктері әсер етеді.
Пулға өткен бағдарлама қатысушылар "Отбасы банкінде" төлем қабілеттілігін бағалатып, өз бетінше баспана табулары қажет. Баспананы алғашқы және екінші нарықтан сатып алуға болады.
"Отбасы банк" пәтер сатып алуға беретін несиенің ең жоғарғы сомасы 15 миллион теңге (мүлік құны 15 миллион теңгеден асса, онда айырмашылықты қатысушы өз қаражаты есебінен төлей алады). Алғашқы жарна кем дегенде 10 пайыз болуы керек. Несие бойынша сыйақы мөлшерлемесі жылдық 5 пайыз (ЖТСМ 5,2 пайыз) болады. Несиені 19 жылға дейін алуға рұқсат беріледі.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова