Мекке мен Мединеге жолдама алған 50-ге жуық азаматты алдаған күдікті ұсталды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
26 қаңтарда Еңбекші АПБ-ға алаяқтық дерегі бойынша ерлі-зайыпты арызданды. Күйеуі мен әйелі қасиетті мекен Сауд Арабиясына баруға "Кәусар травел" турфирмасы жолдама уәде еткенін жеткізді. Олар өз қызметін 1 миллион теңгеге бағалаған.
Алайда 13 қаңтарда шетелге ұшуы керек болған ерлі-зайыпты уәде етілген әуе билеттері мен елден шығу визасын ала алмаған. Компания директоры қоңырауларға жауап бермей, жұмыс орнына іздеп барғанда ол жерде болмай шыққан.
Осындай арыздармен полицияға бұл турагенттіктің алаяқтық құрбаны болған тағы 48 адам жүгінді. Олар - Шымкент және Алматы қаласының тұрғындары. Келтірілген жалпы шығын көлемі - шамамен 33 миллион теңге.
Полиция басқармасында ҚР Қылмыстық кодекстің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша соталды тергеу басталды және тәртіп сақшылары белгісіз бағытта жасырынған компания директорын іздестіруге кірісті. Оны іздеуге бес күн қажет болды. Жедел іс-шараларды өткізу барысында Еңбекші АПБ-ның криминал полиция қызметкерлері ер адамның Алматыда жасырынып жүргенін анықтады. Медеу АПБ-ның қызметкерлері ер адамды жалдамалы пәтерлердің бірінде ұстады.
Қазір күдікті сот шешімімен қамауға алынды. Соталды тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Еске салайық, бұған дейін қажылыққа баратын 300-ден аса адам тревел компанияға алданғанын хабарлаған едік.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!