- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- 33 жер учаскесі...
33 жер учаскесі мемлекет меншігіне қайтарылды
Қазақстанда 33 жер учаскесі мемлекет меншігіне қайтарылды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың (ӘКК) қызметкерлеріне қатысты жер учаскелерін беру кезінде лауазымдық өкілеттіктерді теріс пайдалану фактілері бойынша 10 сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Тексерулер Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің ұсынылған материалдары бойынша жүргізіліп жатыр.
Астана қаласында, Жамбыл, Қарағанды және Солтүстік Қазақстан облыстарында сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында 65 жер учаскесі белгіленді. Оларды жергілікті атқарушы органдар "Astana", "Тараз", "Сарыарқа" және "Солтүстік" ӘКК инвестициялық жобалар үшін берген.
ӘКК басым қызмет түрлерінің тізбесіне енгізілген инвестициялық емес жобаларды іске асыру үшін жер және кәсіпкерлік кодекстердің талаптарын бұза отырып, заңды тұлғаларға жер учаскелерін рәсімдеген.
Мысалы, Қарағанды облысында 2019-2021 жылдар аралығында Қарағанды, Балқаш, Жезқазған және Сәтбаев қалаларының әкімдіктері "Сарыарқа" ӘКК-на 36 жер учаскесін беріп, оның 14-і Кәсіпкерлік Кодексінің нормаларын және қалалардың бас жоспарын бұза отырып берілген.
Солтүстік Қазақстан облысында Петропавл қаласы әкімдігінің қаулылары негізінде "Солтүстік" ӘКК үшін 6 жер учаскесі берілді. Одан кейін олар сауда-саттықсыз құрылыс салушыларға берілді.
Астана қаласы мен Жамбыл облысында осыған ұқсас бұзушылықтармен сәйкесінше 8 және 5 учаске берген.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің аумақтық департаменттерінің ұсынысы бойынша әкімдіктер заңсыз берілген 33 жер учаскесін мемлекет меншігіне қайтарған.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
С. Сатыбалдина