Өңірдің қуаттылығы, халықтың ондағы базалық қызметтерге жеңіл қол жеткізуімен, көлік байланысының жақсарғанымен және тұрғын жайдың тұрақты жағдайымен өлшенеді. Өйткені, әр әкімдік өз тұрғындарының қолайлы өмір сүру ортасын қалыптастыруға міндетті. Осы мақсатта үлгілі жұмысты Ақтау қаласы, Өмірзақ ауылы көрсетіп отыр. Толығырақ Massaget.kz тілшісі баяндасын.
24 маусым күні Өмірзақ ауылының әкімі тұрғындар алдында есеп берді. Жиын барысында атқарылған жұмыстар мен алдағы шешілуі керек мәселелер жайы талқы болды.
Ақтау қаласы әкімінің аппараты қорынан
Шара барысында Өмірзақ ауылының әкімі Бисенғали Кенжалиев баяндама оқыды. Ауылда атқарылған жұмыстар есебін тыңдауға Ақтау қаласының әкімінің міндетін атқарушы Нұртас Сали де келген.
Ауыл әкімі сөзін, өңірде «Жайлы мектеп» жобасы аясында салынып жатқан "Рауан" тұрғын үй массивіндегі 300 орындық мектеп құрылысы жайында бастады. Аталған тұрғын үй массивінде тұратын оқушылар, бұған дейін Өмірзақ ауылына қатынап оқыған.
"Ауылдағы нөмері 27 мектеп, оқушы санының азаюуына қатысты шағын жинақталған мектепке айналады. Сол мектептің жанынан мәдениет үйін ашсақ дейміз. "Рауан" тұрғын үй массивіндегі 300 орындық мектеп құрылысы басталды. Оның үстіне ауыл тұрғындарына қолайлы орта қалыптастыру мақсатында «Ақжелкен» массивінде екі бірдей футбол алаңын және "Оймаша" массивінде бір футбол алаңын салып бірген едік. Жыл соңына дейін тағы екі воркаут, екі футбол және екі балалар алаңын салу жоспарда", - деді Өмірзақ ауылының әкімі Бисенғали Кенжалиев.
Ақтау қаласы әкімінің міндетін атқарушы Нұртас Сали, аталмыш тұрғын үй массивіндегі мектептің құрылысы күн-түндемей жүріп жатқандығын жеткізді.
"Ақтау қаласында "Жайлы мектеп" бағадарламасы бойынша 8 мектеп салу жоспарда. Оның алтауының құрылысы басталып кеткен. Әзірге әр нысанға уақытша басшы тағайындалды. Олар мектеп ұжымын қалыптастыруда", - деді Ақтау қаласы әкімінің міндетін атқарушы Нұртас Сали.
Кездесу блитц форматында өтті. Тұрғындар жиынды пайдалана өздерін толғандырған сұрақтарды қойды. Солардың бірі "Рауан" тұрғын үй массивінің жол белгілері, жаяу жүргіншілер жолы мен тротуар салып беру жайы.
"Бұл массивте жол салынды. Алдағы уақытта бізге, дегенмен тротуар, жаяу жүргіншілер жолы және жол белгілері қажет. Осы мәселені назарға алсаңыздар", - деді "Рауан" тұрғын үй массивінің тұрғыны Баян Үмбетова.
Мәселеге қатысты жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Асхат Нұрмұхан, осы бағытта жұмыс жүргізіліп жатқанын жеткізді
"Бұл елді мекенінің жол салудағы екінші жобасын әзірлеп қойдық. Ол жоба осы мәселелерді шешуге бағытталған. Құжаттар бекітілді, енді тиісті қаражат бөлінсе, құрылыс жұмыстарын бастап кетеміз", - дейді Ақтау қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Асхат Нұрмұхан.