- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "300 метр жолды...
"300 метр жолды әрең жүріп өттім". Тараз тұрғындары шұрқ тесік жолға шағымданды
Тараздағы Кирпичный шағынауданында тұрғындар жедел жәрдем көлігін көшеге шығып күтуге мәжбүр. Себебі жолдың шұрқ тесік болғанына біраз жыл, ал көшелер жарықтандырылмаған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Шағынаудан тұрғындары көшеге тасжол төсеп, бағаналарға жарық жүргізу керегін айтады. Осыдан 10 жылдан аса уақыт бұрын олар шұңқырларға тас төгіп, тегістеп алған екен. Бірақ содан бері қайта жөнделмеген. Ал көктем шыққан кезде жол лай мен батпаққа айналады.
"Такси жүргізушілері бұл жаққа келуден бас тартады. Келісе алған күнде қымбат сұрайды. Жақында сол жаққа бір шаруаларыммен барып едім, 300 метр жолды әрең жүріп өттім", - дейді такси жүргізушісі Әбілмәмбет Сатышбеков.
Ал ата-аналар балаларына мектепке бір аяқкиім кигізіп, екіншісін арқалатып жіберетінін айтып шағымданды.
"Жолдың бәрі лай мен батпақ. Мектепке лас аяқкиіммен кірсе, ұрсады. Ал оны күннің суығында қайда барып, тазалап кіреді? Сабаққа барып келген соң күн сайын киімдерін, аяқкиімдерін жуу керек", - дейді осы тұрғын алаптың тұрғыны Инабат Жорабаева.
Тараз қаласының әкімдігі бұл мәселеден хабардар. Олар алдағы уақытта мәселелер шешілетінін айтып отыр.
Әкімдік өкілдерінің сөзінше, көшелерге жөндеу жұмыстары бойынша жобалық-сметалық құжаттама дайындалған. Ол биыл іске асырылуы тиіс.
Жобада Байқоразов көшесінің тұйығы, Строительная көшесінің 1-ші және 9-тұйығы, Жібек жолы, Домалақ ана, Рысқұлбеков және Бәйдібек баба көшелері қамтылған. Байқоразов көшесін жарықтандыру да биыл іске асырылмақ.
Ендігі мәселе - мердігерді анықтау, содан соң монтаждау жұмыстары істеледі.
"Жол төсемінің жай-күйін анықтай отырып, көшелерге түгендеу жүргізілді, жолдарды жөндеу кезегі анықталды. Алдымен мектептер, балабақшалар, денсаулық сақтау нысандары, сондай-ақ, қоғамдық көліктердің үлкен ағыны бар көшелер орналасқан жолдар ретке келтірілді. Қаржыландыруға байланысты бұл жұмыстар 2023-2025 жылдарға жоспарланған", - дейді қала әкімінің орынбасары Нұрбол Қалбыбаев.
Айта кетейік, былтыр Байқоразов көшесінің бір шақырым учаскесінде орташа жөндеу жұмыстары жүргізілген болатын.
Ардақ Сырымбет
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова