Астанада тұрғындардың шағымы мен "Жетінші арна" журналистерінің зерттеуінен кейін санитарлық қызметтер самса пісіру цехын тексерді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Тексерушілер санитарлық талаптарға сай келмейтін олқылықтарды анықтады. Сонымен қатар, кәсіпорын қызметін бастағаны туралы міндетті хабарлама бермей жұмыс істегені белгілі болды.
Тексеру нәтижесінде самса пісіретін цехтың жұмысына тыйым салынып, қызметкерлері уақытша жұмыстан шеттетілді. Ал кәсіпкерге айыппұл салынды. Сонымен қатар, цех иесіне анықталған заңбұзушылықтардың барлығын жою міндеттелді. Айыппұл мөлшері 600 мың теңгеден асуы мүмкін.
"Тексеру нәтижесі бойынша 2026 жылғы 19 қарашада жеке кәсіпкерге қатысты жедел әрекет ету шаралары қабылданды: қызметтің басталғаны туралы хабарламаның болмауына байланысты нысанның қызметіне тыйым салынды, сондай-ақ, қызметкерлердің міндетті медициналық тексеруден өтпеуіне байланысты олар жұмыстан уақытша шеттетілді.
Бұдан бөлек, анықталған заңбұзушылықтар бойынша кәсіпкерлік субъектісі ҚР ӘҚБтК-нің 425-бабы 1-бөлігі бойынша айыппұл түріндегі әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұл кемшіліктерді жою туралы нұсқама берілді", - делінген Астана қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің хабарламасында.
Цехтағы санитариялық талаптардың сақталмағанын көрсететін видео әлеуметтік желіде кеңінен тарады. Бір қызығы, оны цех иесінің өзі жариялаған. Кәсіпорында самса көп көлемде дайындалған. Кәсіпкердің өз айтуынша, күн сайын елордадағы 300-ге жуық дүкенге өнім жеткізіліп отырған. Наубайхана ішіндегі жағдайды көрген желі қолданушылары наразылық білдірді.
Оқиға туралы телесюжет түсіріліп жатқанда кәсіпкер әйел түсірілім тобына жақындап, микрофонды тартып алған. Сондай-ақ, камераны сындырамын деп қорқытқан. Осыдан кейін жанжал туындап, олар полиция бөлімшесіне жеткізілген.
Нәтижесінде кәсіпкер әйелге 86,5 мың теңге айыппұл салынды. Микрофонды қайтарып алуға тырысқан телеоператор да дәл осындай мөлшерде айыппұл арқалады. Оның әрекеті өзге адамның тыныштығын бұзу деп бағаланған.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!