- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- 300-ден астам қазақстандық...
300-ден астам қазақстандық кәсіпорын ЭКСПО нысандарының құрылысына және оған дайындыққа ат салысуда
ЭКСПО көрмесінің құрылысына және оған дайындыққа 300-ден астам қазақстандық кәсіпорын ат салысуда, деп мәлімдеді «Астана ЭКСПО-2017» Ұлттық компаниясы» АҚ басқарма төрағасы Ахметжан Есімов павильондарды тапсыру салтанаты барысында. Бұл туралы primeminister.kz сайты хабарлады.
«Бүгін біз үшін атаулы күн – көрменің 5 басты нысанының құрылысы аяқталды: халықаралық павильондар, 1 374 орындық ЭКСПО-қалашық, ЭКСПО-кеңсе, ішкі істер бөлімі және Энергияны зерттеу орталығы ғимараттары. Бұл нысандардың жалпы көлемі 482 мың шаршы метрді құрап отыр», - деді А. Есімов.
Ұлттық компания басшысы айтып өткендей, жоба Елбасының жан-жақты қолдауының арқасында дағдарысқа қарсы нәтижелі бағдарламалардың біріне айналды.
«Осылайша, көрменің құрылысы мен дайындығына еліміздің барлық өңірлерінен 300-ден астам отандық кәсіпорын ат салысуда. Бұл жоба 50 мыңға жуық жұмыс орнын сақтауға мүмкіндік берді. Осы құрылыс алаңының өзінде 14 мың адам жұмыс істеп жатыр», - деп мәлімдеді А. Есімов.
Компания басшысының айтуынша, нысандар құрылысы кезінде 492 млрд теңге сомаға жұмыстар жасалып, қызмет көрсетілді.
«Көрменің өзге нысандары бойынша құрылыс жұмыстары кестеге сәйкес жалғасуда. Ол – «Сфера» ұлттық павильоны, конгресс-орталық және қонақ үй. Келесі жылы қоғамдық аймақтарды ұйымдастыру, аумақты абаттандыру жұмыстары жүргізіледі», - деді А. Есімов.
Еске салсақ, ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінің ұйымдастырушылары алғашқы бес ел - Мажарстан, Германия, Қытай, Түркия, Францияға павильондарын тапсырған болатын.