Талғарда жеті баланың әкесі кісі қолынан қаза тапты. Алдын ала дерек бойынша ер адамға 30-дан аса пышақ жарақаты салынған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Мән-жайы
Марқұмның отбасының адвокаттары Асылбек Әбдіраимов пен Жандос Палмановтың айтуынша, бұл оқиға 14 ақпанда болған.
"Күдіктілер - қаза тапқан адамның әйелі мен оның анасы. Бұл жайт ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы 2-бөлігі 7-тармағы ("Алдын ала сөз байласу арқылы топпен кісі өлтіру") бойынша тіркелген", - деді адвокат.
Келіспеушіліктің бір себебі ер адам Талғар полициясына жылқылары ұрланғанын айтып, арыздануы болуы мүмкін.
"Бұған дейін полиция әйелдің жылқыларды ұрлап, сатуға қатысы бар екенін анықтаған. Олардың пікірінше, бұл жанжалдың себебі болуы мүмкін. Шабуыл ер адам ұйықтап жатқан кезде жасалған. Марқұмның артында жеті баласы қалды", - деді адвокаттар.
Полиция не дейді?
Облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі өкілі де жағдайға пікір білдірді.
"Отбасылық-тұрмыстық жанжалға байланысты топпен жасалған кісі өлтіру дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдіктілер ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды", - деді Алматы облысы ПД баспасөз қызметі өкілі.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова