Бүгін, 5 қыркүйек күні, Сенатта Қазақ-Қырғыз шекарасындағы «Қарасу» және «Ақ-Тілек» автожол өткізу пункттері ауданында сауда-логистикалық кешен құру туралы келісім ратификацияланды. Бұл құжат екі ел арасындағы сауда байланыстарын нығайтуға бағытталған және аймақтағы инфрақұрылымды дамытуға серпін беруі тиіс, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиевтің мәліметінше, кешен құрылысының жалпы құны - 30 млрд теңге және ол толықтай инвесторлар есебінен қаржыландырылады. Мемлекет тарапынан тек инфрақұрылымдық жобаларға қаржы бөлінеді. Мысалы, кешен аумағында электр қуатын жеткізу мақсатында «Қордай 220» подстанциясын салу жоспарланып отыр. Оның нақты құны мемлекеттік сараптаманың қорытындысынан кейін анықталмақ.
«30 млрд теңге — бұл инвесторлар жоспарлаған қаржы. Қазіргі уақытта үш әлеуетті инвестор бар, олар конкурстық негізде таңдалады. Бірақ ратификациясыз жоба заңсыз болып саналады, сондықтан келісім қажет болды», — деп түсіндірді министр.
Министр сонымен қатар логистикалық кешен құрылысы кезінде сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мәселесіне қатысты да пікір білдірді: «Жеке инвестиция болған кезде мұндай мәселелер туындамауы тиіс, себебі өз қаражатын салған адам өз ақшасын мұқият қадағалайды», — деді ол.
Айта кетейік, қазіргі таңда Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы сауда айналымы $2 млрд-тан асып отыр. Жаңа кешен екі ел арасындағы сауда көлемін 2030 жылға дейін $3 млрд-қа жеткізуге мүмкіндік береді деп жоспарланып отыр. Кешен құрамына өндірістік алаңдар, қоймалар және көлік инфрақұрылымы кіріп, жүк тасымалын жеңілдетіп, логистикалық шығындарды төмендетуге септігін тигізеді.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!