- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "30 миллиард теңге...
"30 миллиард теңге қарға еріп кетті". Қарағанды тұрғындарының жол сапасына көңілі толмайды
2022 жылы облыс бойынша тасжолдарды жөндеуге 30 милиардқа жуық қаражат бөлінген. Бірақ қар еріп, жолдар қайта шұрқ тесікке айналып отыр. Тасжол сапасын тексеретін жол активтері ұлттық сапа орталығы арнайы жиын өткізіп, сапаға салмақ салу керек екені айтылған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Қала жолдары қармен бірге еріп, жүргізушілер қалыпты жылдамдықпен жүруден қалған. Көліктерден көрік кетіп, еркін жүруге ешқандай жағдай жоқ. Оған себеп те жетерлік. Ұлттық сапа орталығы өкілінің айтуынша, тасжолдың негізі болып саналатын битумның сапасы төмен. Оған қоса тиісті талаптарға сай етіп жасайтын мердігерлерде бірен саран, ал тапсырыс беруші тарап сол істің маманы болмаған соң көп іске көз жұма қарауға мәжбүр.
"Қарағандының жол сапасы өте нашар. Оны күнделікті өмірде де көріп жүрміз. Бұқар жырау даңғылының жалғасынан сынамалар алдық. Тасжол жабынының қалыңдығы сай келмейтінін анықтадық. Мердігер мекеме мен тапсырыс берушіге де хаттар жолдадық. Былтыр бөлінген қаражат жолды тексерудің 50 пайызына ғана жетті. Сондықтан тиісті органдарға айтарымыз, жолды тексеруге бөлетін ақшаны ұлғайту керек", - дейді "Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы" РМК зертхана меңгерушісі Қазыбек Зікрин.
Талапқа сай келмейтін 80-ге жуық мердігер анықталған. Бірақ олардың 90 пайызы ескертпені елемеген.
Жиынға мердігер мен шенділер қатысып, негізгі жол сапасының талаптарын білген. Былтыр ұлттық сапа орталығы барлық жолды тексере алмаған. Оған қаржының аздығы себеп болған.
Жергілікті жолдардың 30 пайызы техникалық талаптарға сай келмейді. Ал жол жөндеуге және салуға бөлінетін қаржы жылдан жылға артып келеді. Бірақ нәтиже жоқтың қасы.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова