24 ақпанда Darkhan Juzz лақапатымен танымал қазақстандық әнші Дархан Жүнісбеков қайтыс болды. Бұл жаңалық кімге болмасын оңай тимегені анық. Өнер иесі қазақ музыка мәдениетіне соны леп әкелген еді. Ол небәрі 32 жасында, жалындаған тұсында өмірден өтті. Massaget.kz тілшісі ел есінде жарқын бейнесімен қалған, қыршын кеткен танымал қазақстандықтар кімдер екеніне шолу жасады.
Жанар Хамитова
Танымал әнші Жанар Хамитова 1989 жылы Қарағанды облысы, Қарқаралы ауылында дүниеге келген. Шығармашылыққа жақын болған ол кішкентай кезінен спортпен де шұғылданған. Ал 8-сыныптан бастап үлкен сахналарға шыққан.
Жас әнші шығармашылық карьерасын қыздардан құралған China Town тобынан бастады. Көп ұзамай Super Star KZ жеңімпазы Нұржан Керменбаевпен бірге "Арнау" дуэтін құрды. Бірақ дуэттің ғұмыры ұзаққа созылмады. 2009 жылы күтпеген жерден Жанар топтан кетіп қалды.
Тұрмыс құрып, шетелге кеткен Жанар Қазақстанға оралғаннан кейін шығармашылық карьерасын қайта бастағысы келетінін айтқан. Сол кезде оған әріптесі Сиви Махмуди қол созып, мейрамханада әнші болып қызмет етуді ұсынған. Бірақ көп ұзамай Жанардың көңіл күйі жиі өзгеріп, тұрақты жұмыс істеуге дайын болмауы кесірінен Сивимен өзара серіктестігін тоқтатқан.
Әнші 30 жасында дүниеден озды. Ішкі істер министрлігі мәліметінше, өз-өзіне қол жұмсау дерегі бойынша іс қозғалған.
2018 жылы Жанардың өмірінде қиын жағдайлар болған. Өйткені күйеуі үйден кетуді талап еткен. Ол кезде олар Түркияда тұрып жатқан. Шетел болғандықтан, жалғыз Жанарға өмір сүру қиын болған екен.
"Түркияда 10 долларға тұрақтарды сыпырдым, 1000 лираға күтуші болдым, көршілердің үйін жинадым. Қазір Қазақстанға келіп ыдыс жуушы болып жұмыс істеп жатырмын, отбасылық жұппен пәтер жалдап тұрамын. Көмек сұрағанымда, ешкім көмектеспеді. Ыстық сусыз, үйсіз өмір сүрдім. Пәтер жалдау үшін 300 мың теңге несие алдым. Қазір төлеп жатырмын. Мен тілдерді білемін, бірақ дипломым жоқ. 30 жылымда 20 рет өміріммен қоштасқым келді - тамырымды кестім, асылып өлмек те болдым", - дейді Жанар.
Ол "Ел аузында" бағдарламасына берген сұхбатында денсаулығын ойлап, психологқа жүгінетінін айтқан болатын.
"Бұл өте қиын, шаршадым, менде депрессия болып жатыр. Күш жинауым керек. Әлі де сахнаға шығуға қорқамын... Негізі көп алдына шықпайтын ұялшақ адаммын. Қазір маңыздысы - денсаулығым, соны жақсартуым керек. Психологқа барғым келеді", - деген еді Жанар.
Оразалы Досбосынов
Танымал ақын Оразалы Досбосынов 1975 жылы 15 қарашада Алматы облысы Райымбек ауданы, Тегістік аулында дүниеге келген. Айтыскер ақын небәрі 29 жасында қайтыс болды.
Ақынның анасының айтуынша, Оразалының әкесі үш ағайынды болған - Жарылқасын, Қасым, Оразалы. Жарылқасынның ағасы Оразалы Қытайда Текес жерінде ақын, жыршы болған. Сөйтіп, өнер қуып жүріп хабарсыз кетіпті. Жарылқасын сол бауырының аты өшпесін деп ұлына Оразалы атын беріпті.
Айтыс өнерінде ерекше мақамымен реформатор ақын ретінде танылған Оразалы көзі тірісінде "Құлмамбеттің құлыны" атанған.
Алматы облысы Шонжы ауылынан келе жатып көлікпен аударылған Оразалы Досбосынов 30 жасқа толар уақытында дүниеден өтті. Ақынның артынан екі жылдан кейін жары Ажар Түзелбекқызы 2011 жылы жол апатынан ажал құшты. Өнер адамдарының артынан Нұрайша есімді қыздары мен Нұрсұлтан есімді ұлдары қалған.
"Мектеп бітіргеннен кейін Шымкент қаласына оқуға жіберсек, ол бізге айтпай Алматыға тартып отырыпты. Жолы болып қазіргі Т.Жүргенов атындағы өнер академиясына өз күшімен түсіп, бәрімізді таңғалдырған. Сол оқу ордасында білім алып жүріп, көп ұзамай Оразалымен танысты. Екеуі бірін-бірі ұнатып, шаңырақ көтерді. Нәресте сүйді. Ораздың біздің ауылға әр келгені той-мереке болатын. Баяғының сал-серілерін күткендей, ауыл-аймақ, көрші-қолаң болып, күтіп алатынбыз. Екеуі таңға дейін кезек-кезек ән салып, көңілімізді бір көтеріп тастайтын. Сөйткен қос құлынымнан, қос жанарымнан тағдырдың ісімен ойламаған жерден айырылып қалдым. Ораз қайтыс болған уақытта Ажар қатты қиналды. Екі жыл үйден шықпай, аза тұтты. Өзінің жарына деген жоқтауын, сағынышын, махаббатын, сүйіспеншілігін "Сағындым сені" әнімен, клипімен жеткізе білді деп ойлаймын", - деген еді Ажардың әкесі Түзелбек Әбжанұлы сұхбаттарының бірінде.
Бекзат Саттарханов
Олимпиада чемпионы Бекзат Саттарханов 1980 жылы 4 сәуірде Түркістанда дүниеге келген. Бекзат небәрі 20 жасында Олимпиада ойындарында топ жарып, Елбасының қолынан І дәрежелі "Барыс" орденін алған тұңғыш спортшы болды.
informburo.kz мәліметінше, 2000 жылы 31 желтоқсанда Бекзат Саттарханов Түркістандағы орталық алаңда өткен салтанатты шараға қатысып, "Жыл спортшысы" марапатын иеленген. Ал сағат 22.00 шамасында ата-анасын құттықтап, анасын құшақтап қоштасқан. Бекзат Олимпиада медалі үшін берілген қаржыға алған жаңа қымбат көлігіне мініп, үш адам болып Шымкентке жолға шыққан. Жаңа жылға аз ғана уақыт қалған. Осылайша, достары күтіп отырған үйге 40 шақырым қалғанда жол апатына ұшыраған. Машинадағы екі адам аман қалған, ауыр жарақаттанған Бекзат Саттарханов сол жерде өмірден өткен.
Сондай-ақ, басылым мәліметінше, 2011 жылғы мамырда Бекзат Саттархановтың қабірі басындағы жүлделердің көшірмесі ұрланып кеткен. Бағалы металдан жасалған көшірмелерді ұрлаған күдіктілер табылмаған. Сол кезде спортшының анасы "баласын екінші рет өлтіргенін" айтқан.
Бекзат Саттарханов 20 жылдық ғұмырында шаршы алаңда 143 жекпе-жек өткізіп, оның 132-сінде жеңіске жеткен.
Нәби Аймұратов
Танымал әнші Нәби Аймұратов ән өнерінде өзіндік із қалдыра білді. Оның "Мектептегі махаббат", "Ақ шағала", "Гүлімсің" әндері әлі күнге дейін халық жадында. Әнші 2009 жылы 15 маусымда жол апатынан қаза тапқан. Көлік апаты "Самара-Шымкент" тасжолының Шиелі ауданы аумағында болған.
Әншінің жары "Жұлдыздар отбасы" басылымына берген сұхбатында Нәбидің өмірінің соңғы күндері туралы естелікті бөліскен.
"Қызылордадағы бөлесінің тойы болатын болды. Мама (Нәбидің анасы - еск.) "тойға келіңдер" деді. Бірақ Нәби басында біздің ол тойға бара алмайтынымызды айтты. Бірақ бір-екі күннен соң тойға Еркін Нұржановты алып баратын болдық. Дәл той болатын күні Нәби Еркінге қайта-қайта қоңырау шалып, тыншымады. Онымен сөйлесе алмаған соң, Еркіннің бөле інісіне телефон соғып, "Еркінді қалайда алып келіңдер" деді. Сонымен Еркін, Еркіннің бөлесі, бөлесінің досы үшеуі Mercedes автокөлігімен тойға келді. Той бітпей жатып, Нәби "қайтамыз" дей бастады. Бәрі бізді шығарып салды. Асыққан себебі, ертеңіне "Мүмкін емес" әніне бейнеклип түсіруді бастамақ еді", - дейді әншінің жары.
Тойдан асығып шыққан Нәби келіншегімен қоштасқандай болып, оны құшақтап, сол жолы Еркін Нұржанов отырған көлікке мінген. Апат болған кезде Нәбидің қорғаныс белдігі тағылмаған, ал әншінің өзі шырт ұйқыда болған. Әншілер отырған көлікті тізгіндеген жүргізуші жылдамдықты 230-ға жеткізген екен.
"Тәте, мен 200-бен жүріп те оларға жете алмадым" деді Еркіннің бөлесі Мақсат. Нәбилердің машинасы жолдан біршама әріде тас-талқаны шығып жатыр. Оны көргенде-ақ мен бәрін білдім. Өйткені машина соншама жоғарыға ұшып, Нәби отырған жағымен құлаған. Оның үстіне ол шырт ұйқыда жатқан. Қорғағыш белбеуді тақпаған. Терезесі ашық. Арғы жағын өзіңіз ойлай беріңіз. Бірден сол жаққа қарай жүгіріп ем, Мақсат ұстап алды да жібермеді. Оның үстіне МАИ қызметкерлері қоршап алып, ешкімді өткізбеді. Он минут шамасында "Жедел жәрдем" келіп, алып кетті", - деп қайғылы оқиғаны есіне алған Жазира Аймұратова.
Руслан Бөлебай
Аз уақыт ішінде жағымды дауыс, сымбатты келбетімен көрермен көзайымына айналған тележүргізуші Руслан Бөлебай да жол апатынан қаза тапқан. Тележүргізуші ұлттық арнадағы "Таңшолпан" бағдарламасы арқылы көпшілікке танылған.
Ол 1985 жылы Қызылорда облысы Шиелі кентінде дүниеге келген.
Елге танылып үлгерген журналист 2009 жылы 16 шілдеде 24 жасында жол апатынан қаза тапқан.
Stan.kz басылымы Русланның телевизия саласындағы құрбысы Татьяна Прилепинаның ол туралы естеліктерін жариялаған.
"Руслан өмірден озарынан 2-3 күн бұрын Көктөбеге шығайық деген. Көктөбеге шығып, Руслан "Кейін мен сендерге Алматының төбесінен қарап тұрамын" дегені бар", - дейді ол естелігінде.
Денис Тен
Қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Денис Тен 1993 жылы 13 маусымда Алматы қаласында дүниеге келген. 2014 жылы мәнерлеп сырғанаудан Сочи олимпиадасында 255,10 ұпаймен қола медальға ие болған.
Ол 2018 жылы Алматы қаласында ұрылардың қолынан қаза болған. Спортшы көлігінің айнасын ұрлап бара жатқан екі адамның үстінен түскен. Арада басталған жанжал барысында ұрылар Денис Тенді пышақтап кеткен. Осылайша, спортшы 25 жасында өмірден озды.
Дәулет Бейсенбек
Былтыр танымал фотограф әрі блогер Дәулет Бейсенбек жол апатынан қаза тапқан еді. Ол небәрі 28 жаста еді. Артында үш баласы қалды.
Дәулет Бейсенбек мінген көлік Тараз-Алматы тасжолында апатқа ұшыраған.
"Ол Таразға тапсырыс алып, той түсіру үшін барған еді. Қайтарында таксиге отырған. Ол отырған көліктің жүргізушісі тізгінге ие бола алмай, жол бетінен ұшып кеткен", - деген еді блогердің досы.
Қасым Жұмағожин
2018 жылы Nomad Stunts командасының өкілі қазақстандық танымал каскадер Қасым Жұмағожин қайтыс болған еді. Сол кезде Желіде каскадерлардың бірінің қайтыс болғаны көрінетін видео тараған болатын. Бес жыл бұрын 3 қарашада Қасым Жұмағожин әріптестерімен бірге барлардың бірінде шоу-бағдарламаға қатысқан. Сценарий бойынша ол асылып тұрған мумияны сомдаған. Бұл туралы Nomad Stunts тобының коммуникациялар жөніндегі менеджері Евгения Ли айтқан еді. Алайда кейінірек марқұмның жары мәлімдеме жасап, халықты алыпқашпа әңгіме таратпауға шақырған еді.
Ол небәрі 34 жасында өмірден өткен.
Мұрат Бірмағамбетов
Былтыр ақтөбелік танымал блогер, вайнер және КВН-ші қайтыс болды. Мұрат Бірмағамбетов Марс Откатович және Мура Мариарчи лақап аттарымен танымал. Ол 19 қарашада хабарсыз кеткен. Кейін оның қайтыс болғаны анықталды.
Желіде оның әйеліне жолдаған соңғы хаты пайда болды. Бұл туралы ztb_kz Instagram-парақшасында жарияланды.
"Қыздарыма жақсы әке, саған жақсы күйеу бола алмағаныма кешір. 25 жыл бұрын бұл жаман ауру - ойынқұмарлыққа тап болдым. Өмірімнің соңына дейін мен екі жақты өмір сүрдім. Бұл - мен үшін тозақ. Мұны тастауға мың рет тырыстым, қолымнан келмеді. Сондай қорқынышты. Саған, қыздарыма, анама, маған сенген адамдарға опасыздық жасадым. Бұл оймен қалай өмір сүремін? Кешіре алсаң кешір. Сенің бақытты болғаныңды қалаймын, сондықтан бұл өмірден кетемін", - делінген хатта.
Darkhan Juzz
Darkhan Juzz (Дархан Жүнісбеков) 1991 жылы 9 тамызда Алматыда дүниеге келген. Ол рэп орындаушысы, ән авторы және дыбыстық продюсер еді. Оның жұмысы классикалық трапты, акустикалық гитараны және сезімтал лириканы біріктірді.
Қазақстандық танымал музыкант Darkhan Juzz-дің қазасы тыңдармандары мен көпшілікті есеңгіретіп тастады. Ол сұхбаттарында әкесінің ән айтып, гитарада ойнағанын айтады. Ал анасы музыкадан алшақтау, сырлаушы болып жұмыс істеген, бірақ қазақшасы бай болған. Дархан әндеріне мәтін жазғанда ұйқастыруды дәл анасынан үйренгенін айтқан.
Сыртқы істер министрлігі өкілдері әнші Дархан Жүнісбековтің өліміне қатысты пікір білдірген еді.
"Таиланд полициясының ақпараты бойынша, 24 ақпанда Пхукет аралында Қазақстан азаматы Дархан Жүнісбеков қайтыс болды. Ол жалға алған мопедімен жол апатына түскен. Консул марқұмның туыстарымен байланыста, Қазақстанға мәйітті жіберу үшін қажетті құжаттарды ресімдеу бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр", - деді СІМ ресми өкілі Айбек Смадияров.
Оның денесі Таиландтан бүгін елге әкелінеді.
"Біз отандасымыздың туыстарымен және продюсерімен байланыстамыз. Оның денесі Алматыға ертең әкелінеді. Air Astana әуекомпаниясы жеткізу шығынын өз мойнына алды. Жерлеу қызметін әншінің достары төлейтін болды", - дейді СІМ өкілі Айбек Смадияров.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!