30 жыл отасқан күйеуін өлтірген әйелге қатысты үкім шықты

Түркістан облысында 30 жыл отасқан күйеуін қылқындырып өлтірді деген әйелге қатысты сот үкімі шықты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Отырарға" сілтеме жасап. 

50 жастағы сотталушының сөзінше, ол бұл әрекетке ішкілікке салынған жұбайы тарапынан болған зорлық-зомбылық әрекеттерінен шаршағандықтан барған. Жұбайын қылқындырып өлтірді деген әйел 8 жылға бас бостандығынан айырылды.

"Сотталушы кештердің бірінде жұбайының мас күйінде үйіндегі баспалдақта отырғанын көріп, оған жақындап, кардиганның белбеуін шешіп, оны жұбайының мойнына кигізіп, екі бағытқа қарай тартқан. Нәтижесінде, жұбайы оқиға орнында қаза болған", - дейді облыстық мамандандырылған ауданаралық қылмыстық сотының судьясы Сәкен Тұрғынбаев. 

Сотталушы мен марқұмның ортақ төрт баласы бар. Оның бірі – туғаннан мүгедектігі бар бала. Сотталушының айтуынша, жұбайы кіші ұлын физикалық кемістігі үшін үнемі ұрып-соққан.

Жұбайы мас күйінде үйге келген күндері анасы мен балалары туыстары мен көршілерінің үйіне кетуге мәжбүр болған. Бұл жағдайларды сотта көршілері растаған.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!