Астананың Сарыарқа ауданындағы жер үйлерге газ былтыр келді. Ақшасы жеткендер үйіне газ тартып, рахатын көріп жүргеніне жыл асты. Ал тапқан табысы шай-тамағы мен киімінен артылмайтын кей отбасылар әлі күнге дейін көмір жағып күнелтіп отыр. Нұрлыбек Қалқамановтың отбасы да газ кіргізейін деп ақысын сұрағанда миллион теңгеден асқан. Мүмкіндігі шектеулі отбасы үшін қандай да бір жеңілдіктер болып қалар деген оймен қанша сабылса да, мүмкін болмаған. Алайда биыл қоңыр күз келіп, күн суытқанда үйге көгілдір отын келді. Себебі көктемде оларға "сіздер тегін газ кіргізетін отбасылардың тізіміне кірдіңіздер" деген хабар жеткен. Бұл жаңалықты естігеннен осы күнді асыға күткен Нұрлыбек ағамыздың жұбайы Айнагүл апайымыз елордаға қайдан көшіп келгенін және жер үйдің газ келгенге дейінгі қиындықтарын Massaget.kz тілшісіне егжей-тегжей айтып берді.
Елорданың жан-жағында жер үйлер көп. Қай шетіне шықсаң да жағалай орналасқан. Солардың бірінде – 2003 жылдың басында 46 шаршы метр қылып салынған үйде Нұрлыбек Қалқамановтың отбасы тұрып жатыр. Екі ұл және бір қыз тәрбиелеп отырған отбасының бүгінде үлкен қуанышы бар. Елордалық жанұя жылдар бойы көмір тасып, пешті қадағалаудан құтылды. Енді үйіне көгілдір отын кіріп, түн ұйқысы тынышталды. Ал, кешке жұмыстан келгенде үй іші жылы болып тұрады.
Бәрін басынан Айнагүл апайдың өзі баяндап берді. Әйтсе де, сұхбаттасуға уақыты тығыз болды. Себебі үйдің жалғыз асыраушысы – өзі. Біз бір демалысының "бір сағатын алдық".
"Нұрлыбек шетелдің елшілігінде күзетші қызметін атқарып жүргенде ұлдарымыз әлі мектеп оқитын. Он жыл бұрын аяқ астынан инсульт алып, жұмысқа да шыға алмай қалды. Осы он жыл ішінде жолдасым төрт инсульт алып, ІІ топтағы мүгедектікке шықты. Тепсе темір үзетін жолдасымның әлі де арманы көп. Кезінде астанаға арман қуып келгенбіз", – деп бастады әңгімені әріден Айнагүл апай.
Қалқамановтар отбасы – Қорғалжынның тумасы. Астанаға 1993 жылы қоныс аударған.
"Бұл үйді 2003 жылы жолдасым екеуіміз салдық. Осы жерден бір-екі көше әрі өзімнің әке-шешемнің үйі бар. Қорғалжыннан көшіп келгенде бір жылдай сол үйде тұрдық. Кейін өзіміз бөлек шығып, 46 шаршы метр қылып соғып алдық. Мына кіре берістегі екі бөлме тұрғын үй деп саналмайды, ол жақ 18 шаршы метр. Сонда 62 шақырымнан асып қалады", – деді апай.
Нұрлыбек Қалқаманов инсульттан бөлек, жаман аурумен де күрескен. Осыдан төрт жыл бұрын жаман аурудың салдарынан бір бүйрегін алып тастауға мәжбүр болған.
"Қаңтар оқиғасы болған жылы (2022 жылы – ред.) төртінші рет инсульт алды. Содан кейін есі дұрыс болмай, қиналып қалдық. Кейде далаға шығып кетеді. Әйтпесе, далаға шығып кетсе, таппай қаламыз", – деді Айнагүл апай.
Айтпақшы, біз үйдің ауласында қызғылтсары көлік көрдік. Бұл – Айнагүл апайдың сенімді серіктесі. Таңнан кешке дейін сол көлікті тізгіндеп, қалаға жақын жердегі Ақмоланың ауылдарына тауар өткізеді.
"Өзім аймақтық "торговый" болып жұмыс істеймін. Ақмола жаққа – Ерейментау, Аршалы, Көкшетаудың тасжолындағы ауылдарға, Макинкаға дейін товар өткіземін. Ауладағы көлігімді айдап кетемін. Бұрын жолдасым істегенде ол да көмек болатын. Кейін барлық салмақ өзіме түсіп, біраз жыл қиналдық. Енді үлкен ұлым биыл жұмысқа тұрды. Екінші ұлым да төртінші курсқа жетті. Ол да бітірсе, ол да жұмысқа шығады. Біраз жүгім жеңілдейді. Ақырын-ақырын. Балалар өскен соң қолым ұзарып қалды", – дейді ол.
Қалқамановтардың қанша жылдан бері қырау қыста жанына бататын тағы бір бейнеті көмір жағу болатын. Балалар кішкентай болғанда, Нұрлыбек аға ауырып қалғанда, бар ауыртпалықты Айнагүл апай өзі көтерген.
Сөйтіп ұзақ жыл күткен газ құбыры ауданға былтыр тартылған. Алайда үйге дейін кіргізу ақысы 750 мың теңгеден басталып, миллион теңгеден асқан. Мұндай ақшаны мүмкіндігі шектеулі отбасы үшін бірден табу қиынға соққан. Сол себепті газ келіп тұрса да, амал жоқ көмір жаққан.
"Көшемізге газ келгеніне жылдан асты. Енді сол газды үйге кіргізу үшін жабдықтарын алу, счетчигін қондыру, трубаларын өткізу, құжатын реттеу – бәрі ақша ғой. Ақшасы бар көршілеріміз баяғыда кіргізіп, жылы үйде тұрып жатыр. Қызығатынбыз. Осы газ келсе екен деп қанша жыл күттік. Сол газ көшеге келгенде үйге қалай кіргіземіз тағы жүріп қалдық. Бірнеше компанияға жүгіндім. Бағасын есептетіп көрдім. Кем дегенде 50 пайызын төлеп, ай сайын жолдасымның пенсиясынан ұстап қалатындай етсе деген ұсыныс айтқанмын. Есептеп кетті. Кем дегенде 750 мың теңгеге шықты. Одан аз болмады, керісінше кейбір компания миллион теңгеден асырып есептеп берді. Жолдасыма жеңілдік жасағанның өзінде 150-200 мың теңге жасайды, бірақ жабдықтарын өзіміз алуымыз керек болды. Бәрібір айналғанда сол ақыға шығып тұрды", – деді Айнагүл апай.
Оның айтуынша, кейбір компаниялар банк арқылы несие немесе бөліп төлеуді де ұсынған. Бірақ оған да шамасы келмеген.
"Бір компанияға барсам, банктер арқылы бөліп төлеуіңізге болады деді. Менің онсыз да несием көп. Маған олар бермейді. Алған күнде де оны төлеуім керек қой. Тегін емес. Онсыз да өмір сүру оңай болып жатқан жоқ", – дейді ол.
Жолдасы денсаулығына байланысты жұмыссыз қалған соң Айнагүл апайға екі баланың шығыны да оңайға соқпаған.
"Сонда 60 шақырымнан асатын үйге газ кіргізу миллион теңгеден асып тұр. Қондыра алмай отырған көршілеріміз көп. Жаңа айтқанымдай, жағдайы барлар бірден салып алды. Қаражаты келіп тұрған соң. Менің енді екі ұлым студент еді. Кіші балам әлі оқып жатыр. Үлкенім енді міне биыл жұмысқа шықты. Аллаға шүкір, екеуі де грантта оқыды. Дегенмен Астанада студенттердің жүріп-тұруының өзіне көп ақша керек. Олар тұрмақ, оқушы қызымның өзі күніне тамаққа 500 теңге берейін десем ақша болмай қалады", – деді ол.
Айнагүл апай осы сөздерді айтып болғаны сол еді Нұрлыбек ағамыз көз жасына ерік берді. Жұбайының жалғыз өзіне қаншалықты қиын болғанын түсінеді... Ал, Айнагүл апай газ кіргізген соң бір уайымы азайғанын айтып, пеш сөніп қалатын кездердегі қиын күндерін еске алды.
"Газ қондырғалы жақсы болды. Үй жылы болып тұрады. Әйтпесе, бұрын көмір салатын кезде қызым кішкентай. Ол жаға алмайды. Мен таңертең жұмысқа, екі ұл сабаққа кеткенде, қатты аяз болғанда салған көмір тез бітіп қалады. Кешке келгенде киініп алып отыратын. Себебі пеш сөніп қалады да, тоңады. Үй азынап кетеді. Тоңған соң киініп алады. Қызыма пешке жолама, түтін тиіп тағы, уланып қаларсыңдар деп кететінмін", – деді ол.
Айнагүл апай "газ кіргізіп береміз" деген жағымды жаңалықты естіген күнді де ұмытпапты.
"Көш осылай түзеледі ғой. Бірақ енді әркімге бұйырғаны болады. Бізге 3 наурызда "тізімге кірдіңіздер, бірақ күте тұрасыздар" деді. Бір күні көктемнің соңында әкімдіктен балалар келді, үйдің маңы батпақ болып жатқан. Үйге кіре алмады. Сол келгенде әйтеуір "сіздерге қондыратын болды" деп нақты айтып, қуантып кетті", – деді ол.
Айнагүл апай "көмір тасыған күндер ешқашан естен кетпейді" дейді. Себебі елордаға келгеннен бері сол көмірмен арпалысқан. Оны түсіру үшін бір жанталасса, үйге тасып, күнделікті жағу – бітпейпін жанталас.
"Қыста 3-5 тонна көмірді өзім сатып алатынмын, қалғанын жолдасымның мүгедектігі үшін үкімет берді. Желтоқсанның басында Майкүбі, Богатырь көмірін түсіріп беретін. Барына риза болатын едік. Сөздің шыны керек. Көмір қораға балалар кіргізіп алатын. Сосын шелек-шелек қылып үйге қарай тасимыз. Ол күндерді ұмыту қиын. Күн демей, түн демей, көмір таситын едік. Солай 30 жылымыз өтіпті ғой. Уақыт деген шіркін..." – деді Айнагүл апай.
Қалқамановтар отбасы да басқа көмір жаққан отбасылардай күнделікті тамақ пісіргенге, шай қайнатқанға газ баллон қолданған.
"Күнделікті тамаққа газ баллонның газын пайдаланатынбыз. Бұрындары айына 1,5-2 баллон кететін, кейінгі кездері 2-3 баллон кететін болды. Ішіне не құятынын білмейміз, бірақ соңғы жылдары тез бітіп қалатын болды. Неше жыл сонымен өмір сүрдік. Амал жоқ", – деп еске алды Айнагүл апай.
Енді олар үшін мұндай ауыр күндер артта қалды. Тіпті газ құрылғысы түтін шықса, белгі беріп, өзі сөніп қалады. Ал көрсеткішін орталыққа цифрлық жүйе арқылы өзі жеткізіп тұрады. Бәрі оңай әрі уақыт үнемдейді. Ең бастысы – қауіпсіз.
"Мына құрылғы "умный" екен. Түтін шықса, газдың иісі шықса, өзі сөніп қалады екен. Алдында қондырған жігіттер айтқан. Анаугүні жолдасым темекі тартқан екен. Бірден автомат сөніп қалыпты. Оның үстіне счетчигі де "умный". Бұрын біз жарықтың қанша жұмсалғанын қоңырау шалып, көрсеткішін айтып отыратын едік. Мына газды айтудың керегі жоқ, өзі автомат түрде түседі екен. Сосын соған сәйкес төлемі келеді", – деп бөлісті Айнагүл апай.
Газдың барлық жабдығын тегін құрып, үйіне жылу сыйлаған Халық банкіне Айнагүл апайдың алғыстан басқа айтары жоқ. Әсіресе, 30 жылдағы бейнетін ұмыттырып, шаңыраққа жылылық жеткізгенін ерекше атап өтті.
"Көмір жағып үй жылытатын, үйінде мүмкіндігі шектеулі адамы бар отбасылар көмір жағудың қиындығын, бейнетін біледі. Осы орайда Халық банкінің тұрғындарды ойлап көмектескеніне де рақмет. Әкімдікке де рақмет. Алғысым шексіз. Себебі біз осы ақша болмаған соң бір жылдан бері үйдің түбіне келіп тұрған газды кіргізе алмай отырдық қой. Сондықтан біздің отбасымыз үшін бұл үлкен қуаныш. Жаңа үйге кіргеннен байқаған шығарсыз – бірқалыпты жылу. Сондай рақат. Бұл күнге де жеттік-ау", – деді ол.
Сөз соңында Айнагүл апайдан кеңес сұрадық. Қанша дегенмен отағасының денсаулығына ерекше күтім мен үш баланы жалғыз аяққа тұрғызу оңай емес. Мұндай қайсар аналар – бәрімізге үлгі.
"Өмірде талай қиындық болды ғой. Адамның бәріне сынақ береді. Біз жоқтан бері қарай шығып, осы күнімізге тәуба етіп отырмыз. Бұдан да ауыр күндеріміз өтті. Өмірдің ағы да бар, қарасы да бар. Жастар бір-біріне тірек болып, сену керек. Біз үйленген жылдары бір-ақ бөлмеде де өмір сүрдік. Үйіңе қонақ көп келеді деп, квартирадан да шығарып жіберген хозяиндар да болған. Соның бәрінен өттік. Қыстың қақаған аязында, үйдің іші азынап кеткен күндерден де кештік. Бәріне тәуба етумен келеміз. Жастарға да айтарым сол – ақ пен қара қатар келетін өмірде шыдамды болу", – деп қорытындылады сөзін Айнагүл апай.
Серіктестік материал