30 жыл бойы темекі тартқан ер адамның тамағына шаш шығып кеткен

Темекі шегу денсаулыққа зиян екенін бәрі біледі. Алайда, кейде темекі күтпеген салдарға әкелуі мүмкін, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Австрияда ер адам 30 жыл бойы күніне бір қорап темекі тартып келген. Ол осы әдетінің салдарынан сирек кездесетін асқынуға тап болған: оның тамағына шаш өсіп кеткен. Бұл ерекше жағдай Американдық клиникалық жағдайлар журналында сипатталған.

2007 жылы ер адам тамақ қарлығуына, тыныс алудың қиындауына және созылмалы жөтелдің пайда болғанына шағымданады. Ол 1990 жылы 20 жасында темекі тартып бастағанын мойындаған және бұған дейін жөтелгенде аузынан түктер шыққанын айтқан.

Дәрігерлер оған эндотрахеальды шаш өсуі диагнозын қойды, яғни оның тамағында шаш өсе бастаған. Бұл ауру өте сирек кездеседі, медициналық әдебиеттерде тек бірнеше жағдай тіркелген.

Дәрігерлер аурудың нақты неден пайда болғанын білмейді. Алайда олар темекінің салдарынан деп болжады. Себебі олардың айтуынша, темекі тамақ қабынуын тудыра алады және оның фонында дің жасушалар шаш түйіндеріне айналып кеткен болуы мүмкін.

Аурудың пайда болуына тағы бір себеп болуы мүмкін. Австриялыққа бала кезінде суға батып кете жаздағаннан кейін трахеяға ота жасалған. Операция кезінде оның трахеясына тыныс алу түтігін орнатқан. Біраз уақыттан кейін тесікті трансплантацияланған терімен жапқан.
 
Оның түктері алынып тасталды, бірақ олар қайтадан өсіп шықты. 15 жыл бойы ер адам дәрігерлерге қаралып, антибиотиктер ішкен, бірақ проблема қайта оралды.
 
Ер адам бұл проблемадан 2022 жылы ғана толықтай арылды: ол темекіні тастады, ал дәрігерлер шашты лазермен біржола алып тастай алды.

Темекі тартудың бірде-бір артықшылығы жоқ: бұл әдет денсаулықты құртады, сырт келбетке жағымсыз әсер етеді және көптеген аурулардың даму қаупін арттырады.  

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!