- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- 30 жастан асқан...
30 жастан асқан соң басталады: гепатолог кімнің бауырында май жиналуы мүмкін екенін айтты
Ультрадыбыстық зерттеуден кейін дәрігер бауырда тым көп май бар екенін айтуы мүмкін. Мұндай жағдай көбінесе ішімдік ішетін адамдарда кездеседі. Бірақ егер алкоголь ішпейтін адамда осы ауру кездессе ше?
"Майлы бауыр" – термині медициналық емес, бірақ ол ағзаның ішінде не болып жатқанын түсінуге мүмкіндік береді. Медицина тілінде бұл патология "майлы гепатоз" немесе "бауыр стеатозы" деп аталады. Сонымен қатар, "майлы бауыр" ұғымы да қолданылады.
Барлық осы терминдер, бауырға май тамшыларының жиналуын білдіреді. Гепатолог, гастроэнтеролог Сергей Лопатин бауыр ауруына не себеп болатынын және оның алкогольге қаншалықты қатысы бар екенін түсіндірді.
Алкоголь басты себеп, бірақ үнемі емес
Стеатоз немесе майлы бауыр ауруы - триглицеридтердің, май молекулаларының шамадан тыс мөлшері бауырдың негізгі жасушаларында - гепатоциттерде жиналатын созылмалы ауру.
Алкогольді шамадан тыс пайдаланатын адамдарда «майлы» бауыр деген стереотип бар. Алкоголь шынымен де бауырымыздың денсаулығының басты жауы саналады, бірақ ол әрқашан стеатоздың негізгі себепшісі бола бермейді.
Майлы бауыр ауруы көбінесе денедегі басқа аурулардың себебінен де дамиды. Оларға эндокриндік жүйенің және қалқанша безінің ауруы, қант диабеті, инсулинге төзбеушілік жатады.
Егер холестерин жоғары болса, бауырыңызды тексеріңіз
Стеатоздың себебі ағзадағы липидтер алмасуының бұзылуы болуы мүмкін. Сондықтан, холестерин мен триглицеридтер деңгейінің жоғарылауымен дәрігер бауырдың майдың шөгінділері бар-жоғын білу үшін ультрадыбыстық зерттеуді тағайындай алады.
Ағзаның жасушаларына әсер ететін белгілі бір препараттарды ұзақ уақыт қолдану да бауырдың майлануына әкелуі мүмкін. Оларға онкологиялық аурулар кезінде химиотерапияға арналған препараттар кіреді. Тағы бір себеп семіздік және отырықшы өмір салты.
Жас стеатозға кедергі емес
Көптеген адам стеатоз егде жастағы адамдарда әртүрлі ауру пайда болған кезде дамиды деп қателеседі. Әрине, диагноз қою кезінде дәрігер әрқашан адамның жасы мен жынысын, зиян әдеттер мен қатар жүретін аурулардың болуын ескереді.
Сонымен қатар, бауырдың майлануына тамақтанудың шамадан тыс болуы және физикалық белсенділіктің болмауы да себеп болады.
30 жастан асқан фастфуд әуесқойлары
Бүгінде бауырдың майлануынан ауыратындар 30-дан асқан жас адамдар. Олар өзінің диетасына тым көп мән бермейді: майлы, тәтті тағамды жақсы көреді. Мұндай адамдар үлкен қалада тұрады, кеңседе жұмыс істейді және отырықшы өмір салтын ұстанады.
Неліктен стеатоз қауіпті?
Майлы бауыр ауруы өте жасырын жүреді. Белгілі бір уақытқа дейін симптомсыз болады. Адамның өзі тіпті бауырына май жиналып, оның жұмысы нашарлағанын байқамайды. Ең алғашқы белгілері оң жақ қабырға астының ауруы. Бауыр шыдамды ағза, оның ауырсыну рецепторлары жоқ, сондықтан қатты ұлғайғанша белгі бермейді.
Тиісті ем болмаса, цирроз және бауыр жеткіліксіздігі сияқты өлімге әкелетін аурулардың қаупі артады. Стеатоздың басқа салдары ішкі қан кетуді, қант диабетін және гипертонияны, созылмалы жоғары қан қысымын қамтиды.
Оны емдеуге бола ма?
Егер ауру тым асқынып кетпесе және денеде қайтымсыз өзгерістер қалыптаспаса, оны емдеуге болады. Бірақ, өкінішке қарай, бауыр жасушаларында майды ерітетін дәрілер жоқ екенін атап өткен жөн. Бауырды емдеу үшін тамақтану тәсілдерін өзгерту, кез келген жаман әдеттерден бас тарту, өмір салтын реттеу және салмақты азайту қажет. Көбінесе проблемалар артық салмақтың, инсулин алмасуындағы бұзылулардың және метаболикалық өзгерістердің себебінен пайда болады.
Айта кетейік, бұған дейін дәрігер бауыр ауруын ескертетін белгілерді атаған болатын.
Т. Раушанұлы