Түркістан облысы, Кентау қаласына қарасты Қарнақ ауылының тұрғыны Әбдірахым Қошқаров үйін хайуанаттар бағына айналдырған. Онда жануарлардың 30-дан аса түрі бар, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Келушілер ол жерден түлкі, қоян, түйеқұс, тауыс, бүркіт, қаз-үйрек, тауықтың сан түрін көре алады. "Әсіресе, бұл жерге жабайы аңдар түгілі қой-ешкінің не екенін білмейтін қала балалары жиі келеді" - дейді егесі. Және Түркістан облыс орталығына айналғалы мұнда келушілер саны да күрт өскен.
"Қазірдің өзінде бізде 30-дан астам аң-құс түрлері бар. Ол аз десеңіздер, қазір франциялық, англиялық, голландық ешкілерді алдыртып жатырмын. Олар күніне 5-6 литрге дейін сүт береді. Үкіметтің зообағы секілді мұнда келушілер билет сатып алып кірмейді, яғни, есігіміз барлық адамға ашық. Бүгінде тек ауыл тұрғындары ғана емес, облысымызға сырттан келетін туристер де ағылып келіп жатыр. Алдағы уақытта хайуанаттар қатарын көбейтіп, зообақтың ресми ашылу салтанатын өткізуді жоспарлап отырмыз", - дейді зообақ иесі.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!