Әлеуметтік желі қолданушылары ескі "Запорожец" көлігімен жол апатына ұшыраған павлодарлық зейнеткерге көмектесу үшін 3 сағат ішінде екі миллион теңге жинады, - деп хабарлайды Massaget.kz.
Қарияның шотына жеткілікті қаражат түскен. Бірақ өзі жиналған ақшаның нақты мөлшерін айтпауды ұйғарған.
Екібастұз тұрғыны Динара Молданазарова бірінші болып ақша жинай бастаған. Ол қарияға банк картасын ашуға көмектескеннен кейін ақша жинауды тоқтатқан. Бірақ қазақстандықтар 85 жастағы Ефим Никитичтің шотына ақша жіберуді тоқтатпаған. Зейнеткер жанашырлық танытып, көмек көрсеткендердің барлығына алғыс білдірді.
"Қазір бізге керек соманы жинап алдық, ақша жинауды тоқтатуды сұраймыз. Сау болыңыздар, бәріңізге бақыт тілеймін", - дейді ол.
Зейнеткер жол апатына өзін кінәлі санайды. Соған қарамастан, әлеуметтік желі қолданушылары шетелдік көлік жүргізушісінен қартқа мейірімділік танытуды және одан көлікті қалпына келтіруді талап етпеуін сұраған. Алайда оған көлікті жөндеуге ақы төлеуге тура келеді.
"Атаның сақтандыруы жоқ, сонымен қатар, Toyota-ның тізгінінде иесінің өзі емес, жүргізуші болған. Қателік атадан болған. Шетелдік көлік қатты бүлінді. Сондықтан қалпына келтіру үшін ақы төлеуге тура келеді. Қазір шығын сомасы бағаланып жатыр, анықталған соң жиналған ақшаны техникалық қызмет көрсету станциясына аударамын", - деді Молданазарова.
Еріктілердің айтуынша, Ефим Никитичтің ескі көлігін қалпына келтіру мүмкін емес. Семей тұрғыны Асылбек Андабаев өзінің "Запорожец" көлігін зейнеткерге беруге дайын екен. Ер адам тіс дәрігері болып жұмыс істейтінін және қазір Ресейде оқып жатқанын айтқан. Ол апта соңына қарай елге оралып, павлодарлыққа автокөлік сыйлауға уәде берген.
"Әлеуметтік желіден видеоны көрген кезде өзімді жаман сезіндім, әсіресе, жылап тұрғанын көргенде. Сөйтіп, босқа тұрғанша, ата айдасын деп ұйғардым", - дейді семейлік.
Еске салайық, бұған дейін көлігі бұзылған қарияның видеосы Қазнетті тәнті еткені хабарланған болатын.