3 млрд теңге тапқан: Шымкентте WhatsApp арқылы ойыншы жинаған онлайн казино иелері сотталды

Қаржылық мониторинг агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті Bingo-37 және Lotoboom онлайн платформалары арқылы заңсыз ойын бизнесін ұйымдастыру дерегі бойынша тергеуді аяқтады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Мән-жайы

ҚМА мәліметінше, ойыншыларға WhatsApp мессенджері арқылы құмар ойындарға қатысу туралы ұсыныстар жіберілген. Өтініш білдірген адамдарға аккаунт ашылып, логин мен құпия сөз берілген, сондай-ақ, ақша аударуға арналған шоттар жолданған.

Ақша қабылдау және ұтыстарды төлеу үшін 14 дроппердің атына ашылған банк шоттары пайдаланылған.

Екі онлайн казиноның жалпы айналымы 3,1 млрд теңге болған.

Ұйымдастырушылар сотталды

Ұйымдастырушылар қылмыстық жолмен келген кіріске, соның ішінде 200 млн теңгеден аса сомаға мүлік сатып алған. Оның ішінде BYD Destroyer, LiXiang L6 Max, Chevrolet Monza, SsangYong Rexton маркалы көліктер, екі жер учаскесі бар.

Сот үкімімен екі адам төрт жылға бас бостандығынан айырылды. Мүлік мемлекет кірісіне тәркіленді. Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!