Егіндікөл ауданы ауызсудан ондаған жыл бойы қиналып келеді. Бұл ауданға қоса Қорғалжын, Атбасар ауданындағы ондаған елдімекенді ауызсумен қамтитын "Нұра" топтық су құбыры әбден тозып кетіп, бірнеше ай бойы су жетпей қалғандықтан, ауданда биыл төтенше жағдай да жарияланған еді. Үкімет бюджет қоржынынан 3 миллиард теңге сомасында қомақты қаражат бөліп, жаңа су құбыры салынуы тиіс болған. Бірақ егіндікөлдіктер күні бүгінге дейін ауызсуға зәру болып келеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Егіндікөл ауданында ауыз су мәселесі сонау тоқсаныншы жылдардан бері аса күрделі жағдайда. Жиі апат болатын су құбырынан биыл бірнеше ай бойы мүлде су тамбай қалғандықтан, ауданда төтенше жағдай да жарияланған. Төтенше жағдай жариялаудың арқасында Үкіметтен 3 миллиард теңге сомасында қаржы бөлініп, қара күзде 6 500-нан аса халық ауызсуға қарық болуға тиіс еді. Алайда іс жүзінде бәрі бәз-баяғы күйінде қалған.
Халық осы күндері теріскейдің 30-40 градус саршұнақ аязында Егіндікөлдегі жалғыз су мұнарасында бірнеше сағаттап кезек күтуге мәжбүр. Оның өзінде су әр адамға өлшеп қана беріледі. Ауызсуға қолы жетпей әбден дағдарған халықтың билікке өкпесі қара қазандай. Тұрғындар жаңадан салынып жатқан құбырдың да өте баяу жүзеге асырылып жатқанын сын садағына алды.
"Ауызсу бізде ең басты өткір мәселе болып тұр. Су болмауынан аудан халқы шын мәнінде көшіп кетіп жатыр. Жақында ғана ресми түрде ауыз толтырып 6500-нан асамыз деуші едік. Бірақ қазір тұтас аудан бойынша шамамен 5 мыңның ол жақ-бұл жағында ғана халық тұрып жатыр. Басты тіршілік көзі су қасқалдақтың қанынан қат болғандықтан, халық, шынында да, қатты ашынған. Соңғы екі-үш жыл ішінде су жағдайы тіпті қиындап кетті. Қырық жамау болып, әбден тозған құбыр күнара жарылып, айлап сусыз отыруға мәжбүр болдық. Міне, екі аптадан аса тағы да сусыз қалдық. Ескі құбыр тағы жарылып, су жинау мұнарасына жетпей қалды. Сондықтан тасымал суды су жинау мұнарасына сағаттап кезек күтіп алуға мәжбүрміз. Тұтас ауыл жалғыз осы су көзіне күні қарағандықтан басқа қолдан келер қайран да жоқ. Бір отбасыға 300 литрден ғана су беріледі. Оның өзін көлігі барлар алып, көлігі жоқтар алыс болса да жаяулап алып кетеді. Салынып жатқан жаңа су құбыры сағызша созылып кетті. Сабындыдан Егіндікөлге дейін созылған су құбырының 64 шақырымы жарамсыз. Соған жаңа құбыр салынып жатыр. Бірақ жұмысы өте баяу. Биыл бюджеттен қаржы бөлініп, Егіндікөлде екі бірдей ұңғыма құдық та қазылған. Бірақ 80 метрге дейін тереңдікке қазылған құдықтан ішуге жарамсыз ащы су шықты. Оған қомақты қаражат шығарып облыс әкімдігінен ащы суды тұщыландыратын арнайы сүзгі қондырғысы сатып алынған. Бірақ күні бүгінге дейін ол да орнатылған жоқ. Жұмыс өте баяу жүреді. Халықтың жағдайы өте қиын. Күн сайын сарылып су үшін жарты күнімізді арнап су тасуға мәжбүрміз", - дейді Ерік Серікбаев есімді жергілікті қауымдастық төрағасы.
Ауданда ауызсу аса қиын жағдайда екенін Егіндікөл ауданының әкімі Юрий Курушин де мойындады. Аудан әкімінің айтуынша, төтенше жағдай кезінде бөлінуге тиіс болған қаржы күні бүгінге дейін төленбеген. Салдарынан мердігер компания құбырды өз қаржысына қазып жатыр.
"Төтенше жағдайдан кейін бөлінген 3 миллиард теңге әлі күнге бөлінген жоқ. Мердігер компания қазір өз есебінен экскаватормен жер қазып жатыр. Сабындыдан Егіндікөлге дейінгі 64 шақырым құбыр қатты тозғандықтан, қазір сол жерлер қайта қазылып, жаңа құбыр салынып жатыр. Шамамен 55 пайызға орындалып, 75 пайызға траншеялар қазылды. Өткен апта қатты аяз болып, экскаваторлардың жанармайлары қатып қала бергендіктен бір апта бойы жұмыс тоқтады. Қазір суды су тасығыш көліктермен әкеліп, су айдау мұнарасына құйып, содан халық су алып отыр. Мұнараға 100 текше су сияды. Әрине, кезек өте үлкен. Спиридоновка сияқты жақын елдімекендерге олардың өтініштері бойынша суды көлікпен жеткізіп беріп жатырмыз", - дейді Егіндікөл ауданының әкімі Юрий Курушин.
Айта кетейік, биыл жыл басында Егіндікөл ауданында бірнеше ай бойы мүлде су болмады. Мәселе жергілікті деңгейде шешілмегендіктен, ауданның белсенді тұрғындары сол кездегі экология министрі Зүлфия Сүлейменовамен де кездесті. Министр тұрғындар төтенше жағдай жариялануына қол жеткізсе, толықтай халықты қолдауға уәде еткен. Өйткені төтенше жағдай жариялау - тек жергілікті атқарушы органдардың құзыретіндегі шаруа. Бірнеше ай бойы халықтың дабылы, БАҚ пен блогерлердің күнделікті қысымы нәтижесінде ғана 25 мамырда аудан әкімдігі төтенше жағдай жариялады. Бірақ ол тек 2 маусымда жүзеге асырылған.
Жергілікті қауымдастық төрағасы төтенше жағдай жарияланғанымен жергілікті атқарушы органдар мен төтенше жағдай штабы іс жүзінде жөндеп жұмыс істемегенін қынжыла еске алды.
"Жергілікті әкімдік пен құзырлы органдарды мәжбүрлеп әрекет етуге етуге күш салумен болдық. Олар жұмыс топтарын құрып, су таситын көліктердің санын көбейткен болды. Су іс жүзінде мүлде болмады. Ауданда күнделікті 1-2 трактор суды елдімекендерге тасыды. Бірақ олар үлгермеді. Тіпті 2-3 апта бойы су келмейтін уақыттар болды. Халық су айдау мұнарасына өздері баратын халге жетті. Тіпті көршілес аудандардан су таситын халге жеттік", - деді Ерік Серікбаев.
Ауданда су айдау құбырын салу тек Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тегеурінді тапсырмасынан кейін ғана мүмкін болған. Сөйтіп төтенше жағдай мамырда жарияланғаннан Нұра топтық су құбырын қайта құруға бюджет тек қыркүйекте бекітілген.
Мемлекет басшысы елдің барлық су шаруашылығын басқару жүйесін оның ішінде "Қазсу шаруашылығы", "Нұра топтық су құбыры" сияқты басты компанияларды реформалауды жүктеді. Сонымен қатар, бұл салада кадрды күшейтуді шегелеп тапсырды.
Мемлекет басшысының жолдауынан кейін жаңадан Су ресурстары министрлігі құрылып, Ақмола облысына жаңа әкім Марат Ахметжанов келді.
Жақында орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыс әкімі Марат Ахметжанов 1 қарашадан бері Егіндікөлдің барлық су тарату желісінде су кесте бойынша беріле бастағанын хабарлады. Ал егіндікөлдік тұрғындар өңір басшысы айтқандай басты қажеттілік суға әлі күнге жете алар емес.
Абзал Алпысбайұлы
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!