"3 миллиард". Шоу-бизнес өкілдері кинодан қанша тапқан?

"Киноға әркімнің де бар таласы". Расында, кейінгі кезде шоу-бизнес өкілдері де кино түсіріп, табыс тауып жүргені ешкімге жасырын емес. Бұл трендтің жаңа түрі ме, әлде кинодан шынында да түсетін табыс бар ма? Massaget.kz тілшісі шолу жасап көрді.

Жахан Отарғалиев

Шоу-бизнес өкілдері түсірген былтырғы қазақстандық фильмдердің бірі "Джохан" болды. Туындыны түсірген - әзілкеш, актер Жахан Отарғалиев. Бұл фильмнің түсірілуіне дейінгі кезең де біраз ел аузында жүрді. Өйткені әзілкеш "үйін сатып, фильм түсіретінін" айтқан болатын. Жахан алдамапты, шынында да, солай болып шықты. Бұл туралы актер Динара Сәтжанға берген сұхбатында айтқан.

Фильмге Жахан Отарғалиевтің өзі, белгілі блогер Сабиркин лақапатымен танымал Сабира Жарасқызы түскен. Бұл - Жаханның өзі түсірген алғашқы фильм.

Өзінің айтуынша, фильм көпшіліктің көңілінен шыққан. Сондай-ақ, "Джохан" фильмі алғашында "Жаханға пахан" деп аталған. Алайда анасының айтуымен өзгертілген. Режиссер түсірілім алаңында "Джохан" деп атайтын болған. Кейін фильмнің атауы да солай қойылған.

"Біткен іске сыншы көп, бірақ оның артында қанша еңбек тұрғанын ешкім біле бермейді, кинода ең қиын сәттердің бірі - суға түскен кез, күз, оның үстіне қар жауып кетті. "Джохан" 90 пайыз көрерменге ұнап жатыр", - деп жазған ол Желіде.

Актер мұнымен тоқтамаған. Ол фильмнің екіншісін түсірген. Алайда әлі көрерменге жол тартпаған.

"Бүгінгі қазақ киносы күнін "Джохан 2" фильмімен қорытыңдылағым келеді, бұйырса көңілдеріңізден шығатын дүние жасадық деген ойдамыз", - деп жазды ол.

Ал енді ол фильмнен қаншалық табыс тапты? Жахан Отарғалиев сұхбаттарының бірінде кино түсіру үшін таныстарынан қарыз алғанын айтқан екен.

"Үйді саттым. Үйді сатарда Балжан екеуміз ақылдастық. Балжан келісті. Өйткені бізде басқа таңдау болған жоқ. Ақша керек болды. Өйткені түсірілімді бастап қойдым. Төрт күн қалған кезде продюсер шақырып, "Жахан, істегім келмейді. Сенің қолыңнан келмейді деп ойлаймын. Ертең кинопарк киноңды алмауы мүмкін. Карантин басталуы мүмкін деп жатыр" деп, бес-алты сылтаумен бас тартты. "Жақсы" дедім. "Бірақ сіздің қолыңызда емес. Бәрі Алланың қолында. Олай айтпаңыз. Бұл киноны бәрібір түсіремін" дедім. Үйге келіп, Балжанмен ақылдасқан кезде "онда сатайық" деді. Анам "сатсаң сат" деді. Үйді сатуға шығарып қойдым. Неге бәрі "сатпай қалған шығар" деп жатыр? Өйткені кино шығайын деп жатқанда ғана үй өтті. Оған дейін қарызға ақша алдым. "Үй өтеді, қайтарып беремін" дедім. Үй өтіп болмады. 60 миллионға саттым", - деді ол.

Актермен сұхбаттасқан бағдарлама жүргізушісі Динара Сәтжан фильмнен түскен табыс 850 миллион болғанын айтты. Демек, үйдің ақшасын шамамен 14 есе ақтаған. 

"Иә, Аллаға шүкір. Киноға 550 мың адам келді", - деді ол.

Жұлдыз Әбдукаримова

Актриса әрі тележүргізуші Жұлдыз Әбдукаримова да "хайп" ұстағысы келді ме, әлде көрермен жинағысы келді ме, біраз уақытқа дейін "бесінші балам" деп Желідегі оқырманын елеңдетіп қойған еді. Кейін бұл фильм екенін айтты.

"Менің бесінші балам туралы жазбаларымды оқып жүрген тұрақты оқырмандарым бәрінен хабардар. Бесінші баламның аты - AZHYRASAM. Иә, иә! Бұған дейін айтып, жазып жүрген менің бесінші балам алғашқы продюсерлік еткен және басты рольге түскен толықметрлі фильмім туралы болатын", - деп жазды ол.

Фильм 29 желтоқсаннан бастап көрерменге жол тартты. Фильмнің жабық көрсетілімінде Жұлдыз Әбдукаримова қайырымдылық шарасын да ұйымдастырған.

"Мен әр жобамды жүрекпен жасауға тырысамын. Соның бірі - Алматыда өткен фильмнің жабық көрсетілімі. Тараздық жас әрі талантты суретшінің ең керемет туындыларын арнайы алып кеп, қайырымдылық аукционын өткіздік. Сатылымнан түскен 1 600 000 теңге қаражат "Харекет" қайырымдылық қорына аударылды", - деп жазды ол.

Бұл жұмысқа 6 айға жуық уақыт кеткен. Жұлдыздың сөзінше, кино саласы - кәдімгідей бизнес.

"Сеанс неге аз, билет неге жоқ?" деп жазып жатқан жандар, қолдаушыларым, оқырмандар! Кино - үлкен бизнес. Бұл жерде сіз бен біз түсіне бермейтін, көзге көріне бермейтін мәселелер өте көп… Сондықтан сеанс аз боп жатса, өз қалаңыздағы кинотеатрлардың кассаларынан сұраңыздар. "Бесінші баламның" тәй-тәйлап, жүгіріп кетуіне атсалысайық", - деп жазған ол Желіде.

Фильмнің табысына қатысты нақты ақпарат әлі белгісіз, өйткені әлі де көрсетілім жалғасып жатыр. Ал ресми сайттардағы бағаларға назар аударсақ, 700 теңгеден басталады екен. Қарапайым билеттер 1600 теңге көлемінде, студенттік билет - 1300 теңге, балалар билеті - 1000 теңге.

Бүркіт

Әнші Бүркіт те бірнеше фильм түсіріп үлгерген. Оған өзі де, әйелі де түскен.

Stan.kz мәліметінше, "Логово" фильмін түсіруге 350 мың доллар жұмсалған. Бұл оның алғашқы туындысы екен. Ал екінші туындысы "Супер агенттер" деп аталған. 

"Шын мәнінде, қазақстандық киноны әртүрлі етуге тырысамыз. Фильмде ұшақтар да, экшн де, әзіл де, махаббат та болуы үшін. Халыққа отандық фильмдер ұнайтыны қуантады", - деп жазған ол Желіде.

Кейінірек әнші фильмнің табысын жазған.

"Қандай тамаша! Көрерменге мың алғыс отандық киноларды қолдап жүргендеріңізге! 8 күннің ішінде сборымыз 160 000 000 теңге болды! Ол деген көңілдеріңізден шығып жатыр деген сөз!  Тағы бір 10 күндей кинотеатрларда жүреді. Көрмегендеріңіз барып көріңіздер", - деген ол.

Ал содан соң бір аптадағы ресми табыс 140 000 000 теңге болғанын айтқан. 

Төреғали Төреәлі

Ұлы дала баласы атанған Төреғали Төреәлі "Ұлы дала комедиясы" атты фильм түсірген болатын. Фильм 2018 жылы жарыққа шықты.

kaz.365info.kz мәліметінше, әншінің негізгі мамандығы - актер. Алайда бұл - оның осы саладағы алғашқы туындысы. Сонымен қатар, әнші табыс табу мақсатын көздемегенін айтқан, сұхбаттарында табысын да жарияға жар салмаған.

"Табыс көзі ретінде қарауға қиын. Себебі бұл - нағыз шығын шығатын іс. Біз араласып жүрген той-тоймалақ пен концертке қарағанда бұның әлемі, саудасы бөлек екен. Мен өзі математикаға жоқ адаммын, әрі қарай миым жетпей қойды. Бірақ жақсы шығын шықты. Өзіміздің маңдай теріммен, тырнақтап тапқан, табан етіміз мүжіліп, қажалып жүріп, Алланың бергенін жұмсап жатырмын. Өнердің өзінен алып, өзіне салған - ең дұрысы сол шығар. Оны жинай бергенде не істейміз?! Керісінше киномен жеткізсек те, тәлім-тәрбие ретінде… Өзімді құрбандыққа, жамандыққа шалсам да, бір жағы тәрбиеге келіп соғады. Мен осыны бір істеп көрейін, саудам жүріп кетіп жатса, әрі қарай көремін деп бастаған жоқпын. Бала күнгі арманым - актер болу, киноны шындап қолға алып жатырмын. Актер болу да, ақын болу да, әнші болу да арманым еді, Алла біртіндеп бәріне жеткізіп жатыр", - деген ол сұхбаттарының бірінде.

Ал Желіде жарияланған кезде фильм көп қаралым жиналған.

"Киномыз YouTube желісінде 3 күнде 2,6 миллион қаралым жинады! Барлық көрерменге алғыс айтамыз!" - делінген жазбада.

Публикация от ОФИЦИАЛЬНАЯ СТРАНИЦА ФИЛЬМА (@uly_dala_komediyasy)

Нұрлан Қоянбаев

Әзілкеш, актер, тележүргізуші Нұрлан Қоянбаевтың алғашқы туындысы 2016 жылы жарық көрген болатын. Актер содан кейін бірнеше мәрте "Қазақша бизнес" комедиясын түсірген болатын.

Ол Әлібековке берген сұхбатында фильмдерден қанша табыс тапқанын айтқан.

"2016 жылы 300 миллион, "Қазақша бизнес Америкада" 560-600 миллион, "Қазақша бизнес Африкада" 700-800 миллион, "Қазақша бизнес Кореяда" бір миллиард 170 мың, My love is Aisulu фильмінде шамамен 600 миллион, "Каникулы в Тайланде" фильмінде 260 миллиондай, жалпы 3 миллиард, яғни 10 миллион доллар", - деп жауап берген сұхбат барысында ол.

Байқасақ, танымал адамдар арасында фильм түсіру бизнесі кәдімгідей дамыған. Алайда арасында табысын жасырмай айтатындары да, "шығыным көп" деп ақталатындары бар екен.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!