3 адамды аяусыз өлтірген: Ақтөбеде 24 жыл бойы жасырынып жүрген қылмыскер ұсталды

Ақтөбе полицейлері ресейлік құқық қорғау органдарынан 24 жыл бойы жасырынған қылмыскерді ұстады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Криминалдық полиция басқармасының қызметкерлері үш адамды өлтіргені және қарақшылық шабуыл жасағаны үшін өз елінде іздеуде жүрген Ресей Федерациясының 56 жастағы азаматын ұстады.

"Ол 1999 жылғы күзде Орынбор қаласында бір топ адаммен (бұрын сотталған және ұсталған 3 адаммен) алдын ала сөз байласып, пайда табу мақсатында 3 азаматқа қарақшылық шабуыл жасап өлтірген және қылмыс іздерін жасыру үшін олардың мәйіттері өртеп, көміп тастаған", - делінген ведомство хабарламасында.

Қазір ұсталған адам тергеу изоляторына қамалды. Оны Ресей Федерациясына экстрадициялау мәселесі шешіліп жатыр.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!