Жамбыл облысында күйдіргі ауруы шыққан ауыл 15 күнге карантинге жабылды. Қазір Тамды елді мекеніне санитарлық блок-бекет қойылып, ет-сүт өнімдерін шығаруға рұқсат жоқ, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
КТК телеарнасының хабарлауынша, 3 адам сиыр сойып жатып қауіпті кесел жұқтырып, қазір ауруханада жатыр.
"Ауылда карантиндік жоспар жасалды. Ауылдын сүт, ет өнімдерін шығармауға тапсырма берілді. Малдың бәріне - қой, ешкі, сиырға екпе жұмыстары жасалып жатыр. Санитарлық жұмыстар жасалып жатыр", - дейді Тамды ауылдық аумағының әкімі Рауан Асқаров.
50, 55 және 59 жастағы азаматтар күйдіргі дертіне сиыр сою кезінде шалдықса керек. Қазір қасапшылар ауруханада жатыр. Алғашқыда біреуінің жағдайы ауыр болған дейді-дәрігерлер. Кейін бәрінің ахуалы тұрақтылапты. Ал ветеринарлар ірі қара малға кеселдің қалай жұққанын таппай әлекке түсіп жатыр. Сол ауру таратқан зеңгі баба тұқымының көзі арнайы пеште өртеу арқылы жойылған.
"Қазіргі таңда ауырғандардың ішінен бір науқас қанағаттанарлық жағдайда ауруханадан шығарылды. Үш науқас ем шараларын жалғастырып жатыр. Науқастар малды ветеринарлық рұқсатсыз сойғаны анықталды", - дейді Жамбыл облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Нейли Мүлікова.
Үш адамның 35 туысы түгелдей тексеруден өтіп, оларға ауру жұқпағаны белгілі болды. Мал сойылған аула да толық залалсыздандырылған. Ал ветеринарлар бір ауылдан кесел шықты екен деп дүрлігуге негіз жоқ дейді.
"Бір ғана ауылдың төңірегінде болып отырған оқиға. Даурығатындай ештеңе жоқ. Бізде облысымызда 100 жылдан бері сақталып келе жатқан 189 Сібір жарасының ошағы бар. Олардың бәрі тұрақты, күнделікті қадағаланып отырады. Жылына 2 рет сынамалар алынып, зертханаға өткізіледі", - дейді Жамбыл облыстық ветеринария басқармасының басшысы Нұржас Құрмантаев.
Күйдіргі Жуалы ауданы Көлтоған ауылының 46 жастағы тұрғынынан да анықталды. Науқастың жағдайы жақсарғандықтан үйіне жіберілген. Алайда оның да ауруды қалай жұқтырғаны белгісіз. Қазір бұл іс бойынша полиция тексеру жүргізіп жатыр.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!