290 zip-пакет: БҚО полицейлері есірткі тасымалдаушыны ұстады

Батыс Қазақстан облысында полиция қызметкерлері Қостанай облысының тұрғынын ұстады. Ол Telegram-каналы арқылы есірткі таратқаны анықталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Оны тексеру барысында күртешесінің қалтасынан жабысқақ таспамен оралған, ішінде ұнтақ тәрізді заты бар 29 zip-пакет табылды. Сонымен қатар ер адамның қол сөмкесінен дәл осындай 49 zip-пакет тәркіленді. Тергеу барысында күдікті тоқтаған қонақүй бөлмесінен де есірткі заттары табылды. Сейфтен ұнтақ затқа ұқсас 205 zip-пакет шықты.

Сараптама нәтижесінде бұл заттың жалпы салмағы 478 грамм болатын "мефедрон" психотроптық заты екені анықталды. Бұл - 2 мыңнан астам бір реттік доза.

Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз