Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Қанат Шарлапаев "АрселорМиттал Теміртау" АҚ-ны сатып алу мәмілесі 286 млн доллар болғанын, көліссөздер барысында қиындықтар туындағанын, жаңа қалай инвестордың анықталғанын, кәсіпорындағы жұмыс орындары сақталатынын айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Үкіметтің баспасөз орталығынан келген министр бүгін Англиядан ұшып келгенін айтты.
"Лондоннан бір сағат бұрын ұшып келдім. Бұл елде "АрселорМиттал" корпорациясымен келіссөз кезеңі аяқталды. Еліміз үшін өте маңызды мәмілеге қол қойылды. "АрселорМиттал Теміртау" мен Ақтаудағы құбыр зауыты, яғни екі активтің құны 286 млн доллар болды. Бірақ бастапқыда "АрселорМиттал" активтер үшін 3,5 млрд доллар сұрады.
11 раундқа созылған келіссөздер нәтижесінде Қазақстан Үкіметі мен "АрселорМиттал" мемлекеттік Qazaqstan Investment Corporation тікелей инвестициялар қорының "АрселорМиттал Теміртаудың" барлық металлургиялық кәсіпорны мен Ақтаудағы құбыр зауытын сатып алуы туралы уағдаласты", - деді Қанат Шарлапаев.
Ол келіссөздің оңайға соқпағанын атап өтті.
"Құжатқа кеше, 7 желтоқсанда қол қойылды. Барлық есептеу, барлық акцияны аудару кеше түстен кейін аяқталды. Мұның үлкен транзакция және ірі актив екенін түсіну керек. Сондықтан кідіріс 7 күнге созылды. Заң тарапынан жұмыстар жүргізілгендіктен мұны түсінуге болады. Сондай-ақ "АрселорМиттал Теміртау» АҚ тарапынан "Қазақстан халқын" қорына қайырымдылық мөлшері (16 млрд теңгені аударуға қатысты – автор) туралы келіссөзді ұзақ жүргіздік. Сонымен қатар қәсіпорынның одан әрі жұмыс істеу шартына қатысты көліссөз жүргізілді", - деді министр.
Қанат Шарлапаев "АрселорМиттал Теміртаудың" жаңа қожайыны Allur Group компаниялар тобы Директорлар кеңесінің төрағасы Андрей Лаврентьев екенін атап өтті.
Ол жаңа инвестор қалай таңдалғанын түсіндірді.
"Жаңа қазақстандық инвестор үшін шешім қабылдау орталығы Қазақстан болуға тиіс. Мұнда елімізде жұмыс істегісі келмейтін адамдар болмауы керек. Бұл – біздің ұстанымыз. Allur Group компаниялар тобының қазіргі бизнесі мен болат өндірісі арасында ықтимал синергия бар. Бүгінде көліктер әлі де металдан жасалатынын бәрі біледі. Өйткені, бұл логистикалық шығындарды азайтуға септігін тигізеді әрі өндірісті тереңдетіп, жергілікті үлесті арттыруға мүмкіндік береді", - деді Қанат Шарлапаев.
Фото: Үкіметтің баспасөз қызметінен
Министр жаңа инвесторды тарту бойынша көп адам жұмыс істегенін жеткізді.
"Сондай-ақ бұл шешімді жалғыз адам қабылдаған жоқ. Оған көптеген адам қатысты. Үкіметтік комиссия инвесторларды таңдаумен айналысты. Біз бұл кімнің қолынан келеді деп мәселені талқыға салдық", - деді ол.
Сонымен қатар Қанат Шарлапаев "АрселорМиттал Теміртаудың" атауы өзгеруі мүмкін екенін айтты.
Фото: Үкіметтің баспасөз қызметінен
Ведомство басшысы жаңа қожайын кәсіпорындағы жұмыс орындарын сақтауға, жалақыны уақытында төлеуге міндетті екенін атап өтті.
"Жаңа инвестормен инвестициялық келісім шеңберінде тікелей АМТ кәсіпорнына инвестиция бойынша міндеттемелер көзделген. Бірқатар әлеуметтік міндетте қарастырылған. Бұл жұмыс Қарағанды облысы және Теміртау әкімдігімен бірлесіп жүргізілді. Нәтижесінде "Арселор Миттал Теміртаудың" жұмысшылары мен жеткізушілер алдындағы барлық міндет толық орындалады. Біз кәсіпорындағы жұмысшылардың әлеуметтік міндеттемелердің өзгермеуін бақылаймыз", - деп түйіндеді сөзін Қанат Шарлапаев.
Аяз Есен
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!