Шығыс Қазақстан облысында биыл 1-тоқсанда бруцеллез бойынша 9 жағдай тіркелген, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Мамандар бруцеллез көбейгеніне алаңдаулы. Ресми мәлімет бойынша Зайсан ауданында үш жағдай, Өскемен қаласында екі жағдай, Тарбағатай ауданында екі жағдай, Күршім мен Ұлан аудандарында бір-бір жағдайдан тіркелген.
Зайсан ауданындағы үш жағдайдың бірінде бруцеллез балаға жұққан.
"Науқастар - 18 жастан 59 жасқа дейінгі еңбекке қабілетті жастағы адамдар. Олар ауруды төрт түліктен жұқтырса, бір науқастан донор ретінде анықталды. Жыл соңына дейін 2836 малшы тексеруден өтуге тиіс. Қазір 466 адам тексерілді", - деді облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Сәуле Слямгазина.
Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің ШҚО аумақтық инспекциясы басшысының орынбасары Қайрат Жайыров бұл ауру таралуын тежеу үшін ірі қара малға арналған бес пункт ашылғанын айтты. Оның үшеуі Күршім, Ұлан мен Катонқарағай аудандарында.
"Пунктте республикалық эпизоотияға қарсы жасақ мамандары жұмыс істейді. 15-20 күн сайын бруцеллезге серологиялық зерттеулер мен басқа да іс-шаралар жүргізіледі", - делінген хабарламада.
Айта кетейік, Шығыс Қазақстан облысы бруцеллез дерегі бойынша республикада төртінші орында.
Асыл Бигелді
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!