- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- 2800-ден астам қарағандылық...
2800-ден астам қарағандылық кәсіпкер шағын несиелер алды
Шағын несиелендіру жүйесін жетілдіру жолдары туралы Қарағанды облыстық Кәсіпкерлер палатасының директоры Мәдениет Божбанов айтып берді.
«Қарағанды облысында 29 шағын-несиелік ұйым мен 12 несие серіктестігі жұмыс істейді. 2016 жылдың бірінші жартыжылдығында облыста 2860 шағын несие берілді, олардың 2853-і жеке тұлғаларға, 7-еуі заңды тұлғаларға берілсе, 3-еуі ауыл шаруашылығын дамытуға бағытталды. Берілген шағын несиелердің жалпы сомасы 4 млрд. теңгені құрады», - деді М.Божбанов.
Ауылды аймақтарды шағын несие қызметтерімен қамту үлесі төмен күйінде қалып отыр. «Кәсібін енді бастап жатқандарға шағын несиелер қолжетімсіз, себебі пайыздық мөлшерлемелер жоғары - жылына орташа алғанда 40 пайыз», - деп атап өтті М.Божбанов.
Қазіргі уақытта бизнеске шағын несиелер «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасы (жылына 6 пайызбен 10 млн. теңгеге дейін), «Жұмыспен қамту - 2020» (жылына 5 пайызбен 3 млн. теңгеге дейін) шеңберінде, сондай-ақ «ҚазАгро» (жылына 9,5/12 пайызбен 3 млн. теңгеге дейін шағын несиелік ұйымдар арқылы) құралдары арқылы берілуде.
«Тиімді қаржылық шарттарға қарамастан, кәсіпкерлер барлық бағдарламалар бойынша кепілдемені қамтамасыз ету бойынша, талап етілетін құжаттардың көптігі мен жобаға қолдаудың болмауынан кедергілерге тап болуда. Мысалға, «Бизнестің жол картасы - 2020» бойынша несие алу үшін кәсіпкерге 13 құжат ұсыну қажет», - деді ол.
Ол сөзінде «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы өкілдерінің Елбасының алға қойған тапсырмаларын орындау жұмыстарының аясында кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған 10 қадамды ұсынып отырғандығын атап өтті.
«Биылғы жылы ҰКП өзінің жеке шағын несие жобасын ұсынды. Жеке инвестициялар мен жергілікті бюджеттердің қаржыларын тартудың арқасында Алматы, Ақтөбе, Қызылорда, Қостанай және Маңғыстау облыстарында ілкі жоба ретінде шағын несие берілуде. Келесі жылы осы жобаға Қарағанды облысы да енгізіледі деп күтілуде. Шағын несиелер 15 млн.-ға дейін 6 пайыздық үстемемен салалық шектеулерсіз 5 жылға беріледі. Бұл ретте, кәсіпкердің шағын несиені алуы үшін небәрі 5-6 құжат қана қажет»,-деп хабарлады М.Бобжанов.
Оның сөзінше, шағын несие беру қызметін «Атамекен» ҰКП-ның дамыған инфрақұрылымы қамтамасыз етеді. Бұл бағыттағы шаралармен аудандық деңгейдегі азаматтардың да қамтылып отырғандығын айта кету керек.
«Бүгінгі таңда елімізде 23 облыстық деңгейдегі кәсіпкерлерге қызмет көрсететін (КҚКО) орталықтар бар. Сондай-ақ 188 аудандық Кәсіпкерлікті қолдау орталықтары (КҚО) жұмыс істейді. Қарағандының облыс орталығында 1 кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы мен 17 кәсіпкерлерді қолдау орталықтары бар. Мұндай орталықтар барлық аудандар мен моно және шағын қалаларда ашылған»,-деді өңірлік кәсіпкерлер палатасының басшысы.
КҚКО мен КҚО кәсіпкерлерді оқытады, бизнес-жоспар құруға және шағын несие алу үшін қажетті құжаттарды толтыруға үйретеді. Сондай-ақ кәсіпкерге тегін бухгалтерлік және құқықтық қызметтер көрсетеді.
Дереккөз: inform.kz
T. Кіршібаев