28 маусым – байланыс және ақпарат қызметкерлері күні

28 маусым – байланыс және ақпарат қызметкерлері күні
Фото: huffingtonpost.com

Бүгін – байланыс және ақпарат қызметкерлері күні. Cөз, қоғам және ар жауапкершілігін арқалаған мамандық иелерін төл мерекемен құттықтаймыз. Өз оқырмандарыңыз бен көрермендеріңіздің, тыңдаушыларыңыздың таңдаулысы болып қала беріңіздер! 

Ақпарат қызметі – қиындығы мен қызығы мол, жан-жақты білімділікті талап ететін жауапты сала. Өз шығармашылығы арқылы қоғамға да, адамға да қызмет ететін, ешқашан қателесуге болмайтын, қашан да жаңаның жақтаушысы бола алатын осы бір кәсіп иелерінің қатары жыл өткен сайын көбейіп келеді. Толқынды толқын қуады, толқыннан толқын туады деп Мағжан ақын айтпақшы, журналистикада жаңа толқын жыл сайын жаңарып, ұрпақтар сабақтастығы берік орнап келеді. Журналистік шеңбер мен орта ауысса да, мәңгі діңгек боп қалатын ұғым бар. Ол – журналистік принцип. Ендеше назарларыңызға журналистикаға қатысты қанатты сөздерді ұсынамыз. 

Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек. Газеті жоқ жұрт басқа газеті бар жұрттардың қасында құлағы жоқ керең, тілі жоқ мылқау, көзі жоқ соқыр секілді. Ахмет Байтұрсынұлы 

Журналистика – жол-жөнекей жазылатын әдебиет. Арнольд Мэтью 

Ойыңа бірде-бір ой келмесе де, оны қағазға түсіре білгенде ғана, журналист боласың. Тарихшы – көбіне өткенді саралушы журналист. Карл Краус 

Журналист талантты болса, науқасы да қатты болады. Ауруынан жартылай айыққан журналист – сыншы. Ал егер журналист осы сырқаттың созылмалы түріне шалдықса, жазушы болғаны. В.Лебедев 

Журналистика қоғаммен бірге өмір сүріп, қоғаммен бірге тыныстайды. Қоғам тірлігінің тамыры қиылса, журналистика да бітіп тынады. Н.Михалковский 

Журналист – өз газетінде сараланатын жазушы. Адриан Декурсель 

Сияның 99 пайызы – су. «Пшекруй» 

Интервью – көркем шығармашылықтың бір түрі. Сұхбат алушыдан қанатты қиял мен композициялық шеберлік талап етіледі. Маргарет Атвуд 

Жазу қиын, бірақ мүлдем жазбау одан да қиынырақ болар еді. Тадеуш Бреза 

"Адамды ит қауып алыпты" деген жаңалық емес, "Адам итті қауып алыпты" десең, жаңалық. Чарлз Андерсон Дейла 

Әдебиетті екі рет оқып түсінесің, ал журналистиканы бір-ақ рет оқығанда түсінуге болады. С.Конолли 

Тақырыптар оқиғаны екі еселеп жеткізеді. Джон Голсуорси

Massaget.kz