Мәжіліс депутаты Нұртай Сабильянов Қазақстан теміржол нарығы әлі де бәсекеге қабілетті бола алмай отырғанын айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Депутат бұған жылдамдықтың төмендігі, тозған пойыздар және ұйымдастыру проблемалары түрткі болып отырғанын жеткізді. Мәселен, 2014-2023 жылдар аралығында 928 жаңа вагон келсе, сол уақытта 969 вагон қолданыстан шыққан.
Депутаттың мәліметіне сүйенсек, теміржол желілері 54%-ға, локомотивтер 61%-ға, вагондар 56%-ға тозған.
"Теміржол желілерінің ұзындығы 16 мың шақырымнан асса, олардың жартысынан көбі жөндеуді қажет етеді", - деді ол.
Депутат бүгінде жолаушы вагондарының паркі 2 667 вагоннан тұратынын, оның ішінде 1012-сі немесе 38 пайызы 28 жылдан аса уақыт бойы пайдаланылып келе жатқан ескі вагондар екенін жеткізді.
Нұртай Сабильянов Қазақстан қазір Швейцариямен вагон сатып алу мәселесі бойынша келісімге келіп жатқанын мәлімдеді.
"2012-2022 жылдар аралығында 350 млн теңгеден 650 млн теңгеге дейінгі бағамен "Тальго" шығарған 676 жолаушы вагоны сатып алынған. Қазір бұл зауыт жабылып қалды. Содан кейін "ЗИКСТО" жауапкершілігі шектеулі серіктестігінен 2023-2024 жылдары 750 млн теңгеден 850 млн теңгеге дейінгі бағамен 150 жолаушы вагоны сатып алынды. Қазір "Штадлер Қазақстан" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі швейцариялық компаниясымен 557 вагон сатып алу бойынша келіссөз жүргізіліп жатыр, плацкарт вагонның бағасы - 1,18 млрд теңге. Сондықтан ұлттық тасымалдаушы жолаушыларды жаңа жайлы вагондармен қамтамасыз етуге тиіс", - деді Сабильянов.
Айта кетейік, бүгін Мәжілісте елдің көлік-логистикалық әлеуетін дамыту туралы Үкімет сағаты өтіп жатыр. Көлік-логистикалық әлеуетті дамыту мәселесі бойынша көлік министрі Марат Қарабаев баяндама жасады.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!