28 жыл құжатсыз жүрген ақтөбелік алғашқы төлқұжатын алды

28 жыл құжатсыз жүрген ақтөбелік алғашқы төлқұжатын алды
Фото: ІІМ баспасөз қызметі

Ақтөбеде 28 жыл құжатсыз жүрген әйел туған күні қарсаңында алғашқы төлқұжатын алды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Светлана Свинкова алғаш рет Қазақстан Республикасының төлқұжатын алды. Ол 1977 жылы 6 мамырда Тәжікстан Республикасының Душанбе қаласында дүниеге келген. Алғашқы төлқұжатын да сол жерде алған.

Мектепті аяқтаған соң ол Қазақстанға тұрақты тұру мақсатында қоныс аударған. 1993 жылы оның Тәжікстан төлқұжатының мерзімі аяқталып, содан бері ол өзіне жаңа құжат ресімдемеген.

2024 жылдың соңында Светлана Александровна Ақтөбе қаласының көші-қон қызметіне құжаттарын қалпына келтіру туралы өтінішпен жүгінген. Көші-қон полициясының қызметкерлері архив мәліметін қалпына келтіріп, азаматтығы жоқ адамның құжатын ресімдеу бойынша ауқымды жұмыс істеген.

Барлық рәсім аяқталған соң оған Қазақстан Республикасының төлқұжаты табысталды.

"Бұл - мен үшін нағыз мереке. Енді жаңа өмір бастаймын. Үлкен рақмет, сіздерге денсаулық тілеймін. Туған күнімде маған керемет сыйлық жасадыңыздар", - деді Ақтөбе тұрғыны.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget