270 түлек елге қайтпай қалған. "Болашақ" бағдарламасынан елімізге пайда бар ма?

270 түлек елге қайтпай қалған. "Болашақ" бағдарламасынан елімізге пайда бар ма?
Фото: ©️ Tengrinews.kz / Тұрар Қазанғапов

Кейінгі кезде "Болашақ" бағдарламасы қаншалық қажет мәселе қоғамда қызу талқыланып жатыр. Бұл бағдарлама қажет емес дейтіндердің уәжі - оқимын деп кетіп, елге қайтпайтындар. Дегенмен "Болашақ" ел мәдениетіне, дамуына үлес қосқан талай азаматтың сапалы білім алуына жағдай жасағанын ешкім жоққа шығармас.

Massaget.kz тілшісі осы пікір қайшылығына шолу жасады.

Елге қайтпағандардан 2 миллиардқа жуық ақша қайтарылған

Жуырда ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек шетелде қалып қойған "Болашақ" түлектері мемлекетке 1,9 миллиард теңге қайтарғанын мәлімдеді. "Болашақ" бағдарламасымен оқыған 200-ден аса қазақстандық шетелде қалып қойған. Ал былтыр "Болашақ" бағдарламасының әкімшісі Әлия Оспанова "Болашақ" бағдарламасы бойынша 30 жылда 270 түлек елге қайта оралмағанын айтты. Мемлекет бұл мақсатта жұмсалған қаржыны толық қайтаруға ниеттеніп отыр. 

"Бүгінде оқудың ақысы мемлекетке қайтарылып жатыр. Халықаралық бағдарламалар орталығы осы жұмысқа белсенді кірісті. Былтыр олар 1,9 миллиард теңге қайтарса, биыл 700 миллион теңге қайтарды", - деді Саясат Нұрбек.

depositphotos.com

Демек бұл мәселеден экономикалық жағынан мемлекетке айтарлықтай шығын келіп отырғанын да көруге болады. 

"Болашақ" саяхат, эмиграция құралына айналып кетті ме?

270 адамның елге қайтып келмеуі олардың шетелде орнығып қалғанын білдіреді. Осыған байланысты қоғамда "Болашақ" оқу туризміне, эмиграция құралына айналды" деген де пікір бар. Бұл туралы былтыр депутат Андрей Лукин мәселе көтерген еді.

Сенатор шетелде кадрларды даярлауға, олардың біліктілігін арттыруға бөлінген қаражат тиімсіз игерілген немесе жымқырылған болуы мүмкін екенін де айтты.

"Болашақ" түлектері халықаралық стипендияны беруге арналған үміткерлерді іріктеу қағидаларына сәйкес Қазақстанға оралу және мамандығы бойынша үздіксіз еңбек ету туралы талаптарды кейбір жағдайда бұзып келеді. Осындай 1 мың дерек тіркелді. ...Бұл деректер оқытудың мақсатсыз бағыттарын көрсетіп отыр. Шетелде оқытылған мамандық пайдаланылмай жатыр. Бұл жоба кейбір жағдайларда эмиграция құралына айналды, 270 түлек шетелде қалды. Сонымен қатар, жоба оқу туризміне айналған", - деді сенатор.

©️ Tengrinews.kz / Тұрар Қазанғапов

Ал екінші мәселені бұған дейінгі сұхбаттарының бірінде айтыскер ақын Балғынбек Имашев айтқан еді. Ол "Болашақ" бағдарламасын бітіріп келіп, қазір билікте отырған адамдардан қорқатынын мәлімдеді.

"Болашақ" бағдарламасымен қазақтың мықты, білімді жастары кеткен жоқ, әуеліде тек Кеңес үкіметінен қалған байлардың балалары кетті. Олар қазақы салт-сананы бойына сіңірместен, жас күнінде кетті дағы Еуропаның, Американың менталитетін сіңіріп келіп, оны қазаққа әкеліп тықпалады. Сол жерде үлкен қате кетті деп ойлаймын. Енді қазіргі кетіп жатқан жастар, шынымен де, шопанның баласы, жай қарапайым адамдардың балалары. Олар өзінің ұлттық құндылығын бойына сіңіріп, ана жақты да алып келсе, екеуін бір-бірімен жымдастырып, өріп, Қазақстанның экономикасын көтеруге жақсы болады деген үміт бар. Жағдайы бар, байшыкештердің баласы барып оқып келді ғой әуеліде. Солар кейін министр болып отырды, - деді ол Bilgen durys YouTube арнасына берген сұхбатында.

Мәжіліс депутаты Ирина Смирнова да бұл бағдарлама түбегейлі қажет емес, орнына еліміздегі білім саласын дамыту керек деген пікірде.

"Бұл мәселені бұған дейін де көтергенмін. "Болашақ" бағдарламаға артылған функцияларды атқара алмайды. Бұған дейін де оған күмәндануға себептер болды. ...Әртүрлі кәсіпорындарда болдым, "Болашақ" түлегін көрген жоқпын. Кәдімгі бизнесте, өндірісте жүргендерді көрген жоқпын. Олар гуманитарлық салада. ...Бұл бағдарлама қажет емес деп санаймын. Шетелде оқуға арналған тегін грант көп. Кім оқығысы келеді, солар өз ақшасына, өз уақытына барсын. Мемлекетімізді жайына қалдырсын. Бұл ақшаны жұмсайтын жер көп. Сабаннан салынған, дәретханалары далада орналасқан мектеп көп. Өз ішімізде білім беру ошақтарын қалыптастыру керек", - деді Мәжіліс депутаты Ирина Смирнова.

Қазаққа "Болашақ" керек пе? Түлектердің пікірі қандай?

"Мазмұндама" жобасының авторы Шыңғыс Мұқан "Болашақ" жабылуы мүмкін" деген ақпаратқа қатысты әлеуметтік желіде пікір білдіріпті. Ол - "Болашақ" бағдарламасы аясында Гарвард университетінің Джон Ф.Кеннеди атындағы мемлекеттік басқару мектебінің түлегі.

Instagram/shynggys_muqan

"Болашақ" маған не берді деп ойланып қалдым. "Болашақ" маған емес, мен сияқты талайлар арқылы елге беріп жатыр деп ойлаймын. Мені алар болсам, көп нәрсеге көзім жетті. "Қазақстанды қайтсек дамытамыз?" деген сұраққа жауап іздеп оқуға кетіп едім. Жауабын таптым. Мықты профессорлармен жұмыс істеп, елді дамыту үшін экономиканы күрделендіру керек екенін, ол үшін ноухау керек екенін, ал ноухау біздің басымызға тәжірибе мен ақпарат арқылы қонатынын білдім. Ол үшін алдымен бастарды дамыту керек, бастарға ақпарат атты қорек керек. Ол ақпарат әлемде бар. Түрлі тілдерде сақталады. Кімнің тілінде ақпарат көп, яғни кімнің тілі бай - соның өзі де бай. Міне, түптеп келгенде Қазақстанның дамуы қазақ тіліне тікелей байланысты. Бұл тұжырымға көпшілік ғылыми зерттеу жүргізіп келмесе де, ақиқаты осы екенін іштей сезеді. Жауап бәріміздің қолымызда бар. Оны іс-әрекетке айналдыруға келгенде бұрын да оң жанбасыма келетін тақырып еді, 2018 жылы оқудан келген жылы қор құрып, іске кірістік.

Мемлекетім "Болашақ" арқылы маған шамамен 30 миллион теңге ақша жұмсады. Mazmundama жобасының аясында соңғы бес жылда 105 миллион теңге ҚҚС мен КТС салықтарын төлеппіз. Қаншама адамды жұмыспен қамтып отырмыз. Ұжым төлейтін салық та негізінен мекеменің салығына айналып кетеді, себебі қызметкерлерге қолына алатын айлық маңызды. Оған қоса, мемқызметте 3 жыл істеп, міндетімді орындадым", - дейді ол.

Сонымен қатар, Шыңғыс Мұқан "Болашақ" төңірегіндегі бірлі-жарым мәлімдемелерге қатысты үн қатқан. Соның ішінде "оқығандар елге қайтып келмейді, ауқаттылардың балалары оқиды" деген секілді жиі айтылатын сындар бар.

"Ең бастысы "Болашақ" арқылы Америкада оқуым түрткі болған Mazmundama төлеген салық емес, бестселлер кітаптарды қазақша сөйлетіп жатқан мұрамыз бір жыл, тіпті он жыл емес, қазақ деген халық барда, қазақ тілі барда мәңгілікке, келер ұрпақтарға жалғаса бермек. 5 жылда 400 кітап шығардық. 2050 жылға дейін 10 мың кітап шығармақпыз. Жүз жылдан соң, біз болмаспыз, бірақ қазақша сөйлеткен кітаптарымыз жүз жылдан кейін де қазақша сөлейтін ұрпаққа қызмет етеді, игілігіне жарайды. Әрине, елдің ақшасымен оқып, қалып қойып жатқандар да жоқ емес. Әркім ар-ұятының алдында өзі жауапты. "Болашақ" арқылы бай-бағланның балалары ғана оқиды деген жаңсақ пікір бар. Шыны керек, бай-бағланның балалары "Болашақ" арқылы көп оқымаса керек, себебі қайтып келу керек, 3-5 жыл жұмыс істеуді міндеттейді. Сондықтан "Болашақ" - шетелде оқуға талабы бар, бірақ қаржысы жоқ жастар арманын орындап, мақсатына жететін бірден-бір жол", - деп түйіндеген ол.

"Болашақ" бағдарламасының тағы бір түлегі, танымал журналист Қанат Әуесбай да қоғамда айтылып жатқан осы мәселеге пікір білдірген.

egemen.kz

"Көптен бері айтқым кеп жүрген. Соңғы кездері "Болашақ" бағдарламасы туралы сыңаржақ пікірді әлеуметтік желіде жиі көз шалып жүр. Себебін айтпаса да белгілі ғой. Менің айтайын дегенім, көпке топырақ шашып, ымырасыз сынай беру өркениетке көш бастаған елдің сықпыты емес-ау. "Болашақ" атасақ та, "келешек" атасақ та шығар күндей шындық бар - бұл бағдарлама бабасының табаны тимеген жерге, талай қарадомалақ баласының қаламын тигізді. Білім көкжиегін ашып, жаңа мүмкіндіктер сыйлағаны рас. Өйткені "ауылдан шықпағанның ақылы, ауласынан аспайды" деген халық даналығы тағы бар. Қаланың да, ауылдың да (квота арқылы) жастарының қанатын қомдап, шабытын үстеп, мақсатына демеу болды. Соның ішінде біз де бармыз. Тек БАҚ санаты бойынша 2014 жылдан бері 400-ге жуық медиадағы әріптес батыс елдерінің оқу орындарында білім шыңдады. Сондықтан бірлі-жарым келеңсіз жәйтті сылтауратып, тұтас бағдарламаға қара күйе жаққандарды құптамаймын, тиісінше үзілді-кесілді айыптаймын. Мемлекеттік жобаны ашып, жылдар бойы сәтті жүзеге асыру қиын іс, оны жаба салу тіпті оңай. Жаба салуға көп ақылдың қажеті жоқ. Жабу әрекеті миға артық салмақ салмайды. Сондықтан сынап-мінеп, жерден алып, жерден салғанша, бағдарламаны жаңаша сипатта дамытып-өрбітудің амалын қарастырғанды құп көрем", - деді ол.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова