- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "27 күн бойы...
"27 күн бойы жанталасып, аман алып қалды". Қазақстандық дәрігерлердің ерлігі
Алматы қалалық №4 ауруханасының дәрігерлері 44 жастағы испаниялық турист Фернандо Боделонның өмірін сақтап қалды, - деп хабарлайды Almaty.tv.
Ер адам Қазақстанның танымал жерлерін аралау үшін Мадридтен Алматыға ұшып келген. Ол ұшақ қонуына бірнеше сағат қалғанда өзін нашар сезінген.
"Мойным ауырғанын сездім, қатты бозарып кеттім, бірнеше рет құстым. Содан кейін сол қол мен сол аяқта әлсіздік пайда болды. Алматы әуежайына қонғаннан кейін мені жедел жәрдем дәрігерлері қарсы алды", - дейді Боделон.
Қабылдау бөліміне келген кезде туристің жағдайы ауыр деп бағаланған. Нейрохирургтер шетелдік қонақтың өмірі үшін 27 күн бойы күрескен.
"Миға жасалған компьютер томографиясы ми ісінгенін көрсетті. Науқас шұғыл түрде жансақтау бөліміне жатқызылды", - деді №4 ҚКА қабылдау бөлімшесінің меңгерушісі Магадин Хайроев.
Оның өмірін құтқару үшін шұғыл операция қажет болған. Оған нейрохирургия бөлімшесінің меңгерушісі Нұржан Әжібеков, ассистент Эльдар Бесенов және анестезиолог Маржан Мусина кіріскен. Операция 60 минутқа созылып, сәтті аяқталған. Дәрігерлер қан айналымын қалпына келтірген.
"Бақылаудан кейін Фернандоның жағдайы жақсарып, ауруханадан шығарылады", - дейді №4 ҚКБ нейрохирург - дәрігері Алдоңғар Айсауытов.
Шығарылғаннан кейін бірден ер адам Испанияға оралып, онда оңалту курсынан өтеді. Болашақта турист басталған саяхатты жалғастырып, Қазақстанға оралуды жоспарлап отыр.
Ж. Қадыржанова"Бұл клиниканы, дәрігерлер мен қызметкерлерді әрдайым есте сақтаймын. Маған екінші мүмкіндік бергендеріңізге рақмет", - деді Фернандо Боделон.