27 жыл полициядан жасырынған павлодарлық жайлы тың деректер шықты

27 жыл бойы іздеуде жүрген 60 жастағы павлодарлықты ұстаудың мән-жайы белгілі болды. Ол осы уақыт бойы Ресейде жасырынып, жақындарымен байланысын толық үзген. Ұзаққа созылған іздестіру жұмыстары туралы Павлодар облысының полициясы Tengrinews.kz тілшісіне анық-қанығын айтты, деп хабарлайды Massaget.kz.

Іс материалдарына сәйкес, ұсталған ер адам үш сыбайласымен бірге 1997 жылы Павлодардағы жеке кәсіпорындардың біріне қарақшылық шабуыл жасаған. Олар күзетшіні ұрып-соғып, түсті металл тиелген КамАЗ көлігін айдап кеткен.

Ұрланған мүліктің құны сол кезде 800 мың теңгеге бағаланған. Бұл сол уақыттағы бағаммен шамамен 10,5 мың долларға тең еді. 1997 жылы бір доллар 75,4 теңге болған.

Үш сыбайласы ізін суытпай ұсталып, сот үкімімен 7 жылдан 8 жылға дейін бас бостандығынан айырылған. Ал төртінші күдікті қашып кеткен. Оған 1999 жылы іздеу жарияланған.

Жедел қызметкерлердің анықтауынша, ер адам барынша сақ әрекет еткен.

«Осы уақыт бойы ол Ресейде жасырынып жүрген. Онда барлығы оны басқа есіммен таныған. Ол отбасымен қарым-қатынасын толық үзген. Павлодарда әйелі мен екі баласы қалған. Туыстарымен де байланыспаған. Ресей Федерациясында жаңа отбасын құрған», — деп хабарлады Павлодар облыстық полиция департаменті.

Күдікті әртүрлі қалаларда тұрып, тұрақты жұмыс істемеген.

Павлодар облысы криминалдық полиция басқармасының қызметкерлері оның ізін анықтап, Ресей мен Беларусь аумағындағы байланыстарын тексеру үшін ұзақ әрі тыңғылықты жұмыс жүргізген. Іссапарға жіберілген жедел-іздестіру тобы ресейлік әріптестерімен бірге күдіктінің жүрген жерін анықтаған.

Мәскеу полицейлері қазақстандықты көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін ұстап, Қазақстанға депортациялады. Қазір күдікті тергеу изоляторында отыр. Іс материалдары сотқа жолданған.

Бұған дейін павлодарлық полицейлердің 27 жыл бойы құқық қорғау органдарынан бой тасалап жүрген ер адамды Мәскеуде жүргізілген жедел-іздестіру және арнайы іс-шаралар барысында ұстағаны хабарланған еді.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!