Батыс Қазақстан облысында әлеуметтік қызмет көрсету саласындағы мемлекеттік сатып алу мәселесінен дау шыққан, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Былтыр 28 қарашада Батыс Қазақстан облысы Ақжайық аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі мен "Шуақ" қоғамдық бірлестігі 2,6 миллион теңгеге келісімшартқа отырған. Бұл қаражат орталық ашуға және тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына әлеуметтік қызмет көрсетуге арналған. Алайда бұл қызмет 36 күнде, жыл соңына дейін көрсетілуі керек болған.
Қоғам белсендісі, "Әділдік жолы" қоғамдық бірлестігінің өкілі Бауыржан Зәки мемлекеттік сатып алу порталын зерделеп, мәселенің мәнісін анықтаған.
"Біз лотты тауып, 2 желтоқсанда жылдың төртінші тоқсанында бұл қызметтің қандай қажеті бар екенін сұрадық. Жоба Ақжайық ауданында алғаш рет қолға алынып, екі рет өтпеген байқаудан кейін "Шуақ" таңдалған. Тек 5 желтоқсанда біздің араласуымыздан кейін сатып алынатын жұмыстардың көлеміне қажеттілік азаюына байланысты келісімшарт сомасы 600 000 теңгеге дейін төмендеді", - дейді заңгер Бауыржан Ахметжанұлы.
Екі милионнан аса қаржыны қайда жұмсамақ болғаны беймәлім. Дегенмен бұл қаражат дер кезінде есептеліп, артық сома бюджетке қайтарылған.
А. Ғалым
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!