26 жасында Beeline компаниясына басшылық қызметке келген Нұркеннің хикаясы

Әр адам үлкен компанияда, жақсы лауазымда жұмыс істегісі келеді. Ал сол дәрежеге жету оңай ма, қанша оқып, қандай сынақтардан өту керек екенін барлығымыз біле қоймаймыз. Бүгінгі кейіпкеріміз Өмірзақов Нұркен Beeline Қазақстан компаниясына кезекті инженер болып келген, ал қазір Түркістан облысы бойынша техникалық директоры қызметінде 10 жылдан бері қызмет етіп келеді. Сұхбатымызда ол өз жұмыс жолын айтып берді.

– Бұл компанияға қалай жұмысқа тұрдыңыз?

Beeline компаниясында жұмыс істеп жатқаныма 15 жыл толды. Қазіргі таңда филиалдың техникалық директорымын яғни бөлім басшысымын. 2007 жылы аталмыш компаниядан үш айлық тағылымдамадан өттім. Содан кейін 2008 жылы инженер ретінде Шымкент қаласына оралдым. Қысқаша айтқанда, Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша интернет жеткізуге жауапты маманмын.

–  2008 жылы жаһандық дағдарыс болды. Бір қызығы, жас маман ретінде жұмыстан шығарылмаған екенсіз?

– 4-курс оқып жүргенде студенттер алмасуы бойынша АҚШ-қа бардым. 2008 жылдың қазан айында қайтып келдім. Жұмыс іздедім. Алдымен Beeline компаниясына түйіндемемді жібердім. Себебі бұл жерде бұрын тәжірибеден өткем, білемін. Бір айдың ішінде жауап келді. Сұхбаттан өтіп, бәріне жауап беріп, инженер маман ретінде жұмысқа қабылдандым. 2009 жылы дағдарыс кезінде әр компанияда қысқартулар басталды. Мен келе салып дағдарысқа дейін өзімді көрсете алдым. Студент кезде сабақты беріліп оқыдық. Соның көмегі жұмысқа келгенде тиді. Нәтиже көрсете бастадым. 3-4 айда бұрынғы инженерлермен бір деңгейге шықтым. Әріптестерім менен кеңес сұрай бастады. Басшылық жиналыс өткізіп, шешті. Мені қалдырды. Былайша айтқанда дағдарыстан аман-есен өттім.

– Ары қарай мансабыңыз қалай өсті?

– 2009 жылы қармағымда 100-ден аса базалық станция бар еді. Соларың дұрыс жұмыс істеуін қадағалап жүрдім, жылдам апатты түзетіп, жөндеу жұмыстарын өткіздік. Екі жыл ішінде транспорт желісінің қыр-сырын меңгердім, өте көп жұмыс істедім және нәтижелерді бастықтар да көріп жатты. Кейін басшылық "жоспарлау және оңтайландыру бөліміне өтесің бе?" деген ұсыныс айтты. 2011 жылы жоба инженері ретінде жұмысымды жалғастырдым. Бұрыннан жобалауды білетін едім. Білмейтін 2-3 нәрселерді оқып үйрендім, ал бір жылдан кейін тағы да қызметімді жоғарылатты. Солай жұмыс істей бастадым. Мысалы, мен жоба инженері болып келгенде 110 станция болса, оны екі жыл ішінде екі есеге көбейттік.

2013 жылы филиалдың техникалық директорының орны босады. Оның орнына екі адам лайық болса, соның бірі мен болатынмын, сондықтан түйіндемемді ұсындым. Үш аптадай іріктеу процесі өтті. Сұхбаттарға, сұрақтарға жақсылап жауап беруге тырыстым. Қасымдағы өзін ұсынған маман менен 12 жас үлкен, ал мен 26 жастамын, бұны кемшілігім деп санадым. Бірақ, шыны керек, менің тәжірибем мол еді және жұмыс барысында әрқашан да өте белсенді болдым: басшылыққа ұсыныстарды айтып, жұмысымнан артық біліп отырып, әріптестеріме көмектесіп дегендей... Ойлана келе компания мені таңдады және бұл Beeline-ның артықшылығы: компания әрқашан да дамудан, жаңа нәрселерден қорықпайды, ал басшылық жас болса да белсенді, арман қуатын адамдарды қолдайды. 

Дәл осылай 2013 жылдың тамыз айында 26 жасымда филиалдың техникалық директоры болдым. Жаңа жұмыс орнымда бірден сынаулардан өтуге тура келді: серіктес эксперт әріптесім жұмыстан шығып кетті. Көмек сұрайтындай ешкім қалмады. Сонымен қатар, интернет пайдаланатын абоненттердің өсуімен жаңа базалық станцияларды орнату керек болды, ішкі процесстермен айналасатын уақыт тапшы еді.

– "Басында бәрі қиын болды" деп жатырсыз. Өзіңізге қандай сабақ алдыңыз? Қандай лайфхактарды қолдандыңыз?

– Менің басшылық қызметте тәжірибем жоқ еді. Бәрін оқып үйрендім. Менің түсінгенім — инженер мен басшылық қызметі мүлдем ұқсамайды екен. Өзің инженер болғасын түсіндірудің орнына кейде жұмысқа кірісіп кетесің. Бірақ кейін сол ішкі қалауымды жеңдім: қызметкерлерге түсіндіріп айта бастадым, білмеген нәрсесін соңына дейін үйретіп, жұмысты толық аяқтауын қадағаладым. Мысалы, жігіттерге түсіндіресің, олар бәрін түсінгендей болып кетеді, ал нәтиже мен күткендей болмайтын. Содан кейін түсіндіргесін олардан қалай ұққанын сұрайтын болдым. Олар өз түсінігін айтып береді, мен олардың кейбір жерін түзеп, осылайша қалыпқа келе бастадық. Бір жыл қарбаласта өтті. 2014 жылы менеджерлік тәжірибем жинақтала бастады.

Сол жылдары көптеген кітап оқыдым. Қазір компаниямызда "Beeline Академиясы" бар, жас менеджерлерге сол жерде арнайы курстар бар, ал 2013-2014 жылдарда мен тек қана филиал директорынан кеңес алып, өзім түрлі нәрселерді үйрендім. Және де ағам басшылық қызметте еді, оқитын кітаптарды ұсынды. Түрлі дәрістерді тыңдап, қызметкерлермен қалай сөйлесуді үйрендім. Соның бәрі уақыт өте келе нәтижесін берді. Міне, биыл техникалық директор болғаныма 10 жыл. Көптеген жетістікке жеттік: 10 жылдың ішінде желіміз 9 есе кеңейді, 2G-дан бастап 4G-ға желіміздің технологиясын көтердік, абоненттеріміздің санын 10 млн-ға жеткіздік, интернет сапасын әрқашан да жоғары деңгейде сақтауға тырысамыз. Бірақ, бұл, тек, менің ғана еңбектенгенімнен емес, ұжымның еңбегі деп білемін.

–  Енді біраз артқа қайтып, 2008 жылға оралайықшы. Сол кездері желі қалай дамығаны есіңізде ме? 3G болды ма? Қанша базалық станция орнаттыңыздар?

– Ол кезде бізде 2G ғана бар еді. 2010-ның аяғында 3G технологиясы Қазақстанға келді. Сол уақытта ол жаңа технология болатын — оған жаңа ұялы байланыс құралдары керек еді, одан басқа радиорелейлік желілерді кеңейту және кейбір базалық станцияларды талшықты-оптикалық байланыс желісімен қамтамасыз ету қажет болды. Соның бәрін дайындап, командамызбен төрт станцияны іске қостық. Аймағымыздағы алғаш рет видео қоңырауды мен шалған шығармын. Бәрін тексеріп, "не деген технология!" деп тамсанғанбыз. Кейін 3G станцияларды екі есе көбейттік. Бұны жобалап, іске қосу ауқымды жұмыс, тек қоя салмайсың. Алдымен жобалайсың, жиілігін тексересің, келісім бөлімі, энергетикасы, базалық станцияның баптауы ... айта берсең үлкен жұмыс. Оның бәрін іске асырдық.

– Тұрғындар арасында радиофобияның өскенін байқайсыз ба? Егер өскен болса, себебі неліктен деп ойлайсыз?

– 2008-2013 жылдары станция саны бес-алты есе аз еді. Биік ғимараттарда тұратын, онша көзге көрінбейтін. 2010 жылы Түркістан облысымызда шамамен 110 станция болатын болса, қазіргі таңда 900-ден астам станция бар. Сонымен қатар радиофобия қазір қатты өсіп жатыр. Неге? Біріншіден, барлығымыз интернетті көп пайдаланатын болдық:  YouTube, Facebook, Instagram желілерден бастап онлайн кино қарау да әдетке айналды. Тек қана кейінгі бес жылдың ішінде елімізде интернет пайдалану өлшемі 5 есе өсті. Ал сапалы интернет тарату үшін станцияларды бір-біріне жақын қою керек. Биік ғимараттарға емес, аласа ғимараттарға да. Сол үшін аласа жерде тұрғасын көзге көрініп қалып жатыр. Адамдар ауырса, дәрігерге бармай ғаламтордан қарайды емес пе? Сол сияқты бұл жерде де адамдар алдымен интернеттегі фейк ақпараттарды оқып алады, сенеді. Содан жанындағы көршілерін дүрліктіре бастайды, "сәулелену" деп қоймайды. Соған айналасындағыларды сендіреді. Станция деген ядролық қару емес қой. Үйдегі микротолқынды пештеріміз базалық станциядан күшті электромагнитты толқындарды туындайды, бірақ бұны кез келген адам біле қоймайды. Соған қоса елімізде санэпидемстанция нормалары өте қатаң. Еуропаға қарағанда бізде он есе қатаңдау. Халық бұны түсінбей жатады. Олар "сен өз компанияңды жақтап жатырсың" дейді. Біз оларға заңнан асып кетпейтінімізді, қаласа электромагнитты толқандардың деңгейін тексеріп беретінімізді айтамыз. Ал бізге сенбесе санэпидемстанция шақырса болады, бұны да айтамыз.

– "Халық арасында кейбір наразы адамдар тобы бар" деп қалдыңыз. Тұрғындар станцияны бұзып, кейін қайта орнатуды өтінген кездер болды ма?

– Көп болған. Ары бармай-ақ қояйық. Биыл 2-3 станцияны қоспай жатып, қайтып алып тастадық. Мысалы, Аққұм ауылында станция қосайын дегенбіз, ол жерде мүлдем байланыс жоқ. Ауыл ішіне емес, алыстағы жотаның төбесіне қойып жатқанбыз. Соған наразы болып, техниканың алдына адамдар тұрып, жұмыс істеткізбеді. "Былай да жақсы өмір сүріп жатырмыз, қажеті жоқ, алып тастаңдар" деді. Халық наразылық қылғандықтан кейін станцияны қоймадық. Осылайша, Қазақстан бойынша 2022 жылы 340 базалық станция орнатылғаннан кейін қайтадан бұзылды.

Өкінішке қарай Астана, Алматы сияқты қалаларда да радиофобияның өсуін байқаймыз. Айтқанымдай, үй тұрғындарынан біреуі базалық станция орнатылуына қарсы болса, біз станцияны орнатпаймыз. Кейін басқа тұрғындар келіп бізге "интернет неге істемейді?" деп шағым жазады, репитер орнатады. Ал репитер деген бұл барлық операторлардың үлкен мәселесі. Сонымен қатар байланыс сапасын арттыру мәселесінде басқа да нәрселер маңызды рөл атқарады: мысалы, электр қуатының болмауы және кабельдің үзілуі.

– Жалпы компаниядан кеткіңіз келген кездер болды ма?

– Кетем деген ой болмады. Бірақ бәскелес компаниялардан өте көп ұсыныс түсті. "Бізге келіңіз айлығыңызды екі есе төлейміз" деген кездер болды. Осыншама жыл бойы жұмыс жасап түсінгенім — компанияның стратегиясы, мәдениеті өте маңызды нәрселер. Біздің компаниямызда бірнеше құндылықтар бар. Олардың ішінде командалық жұмыс, жаңа бастамаларға ашық болу, бір орында тұрмай дамыту деген нәрселер. Менің жұмыс жолым сол құндылықтарға толықтай сәйкес деп санаймын: мен беріліп жұмыс жасадым, компания маған сенімділігін көрсетіп жауап берді. Мен Түркістан облысы бойынша барлық техникалық бөлімді басқарамын. Қандай да бір жерде мәселе туындап жатса, оны қалай шешуге, жұмыс сапасын қалай жақсарту керек екенін білемін. Соңғы нәтижеге дейін өзім алып шығамын. Менің басты мақсатым - осы. Бұл маған шабыт береді.

– Beeline-да әлі жұмыс істеуіңіздің себептерін атаңызшы?

– Біріншіден, айтқанымдай, компанияның ішкі атмосферасы, мәдениеті. Жұмыс жасаймын, дамимын дегендерге түрлі мүмкіндіктер қарастырылған: кез келген жерден жұмыс жасау, медициналық сақтандыру немесе балабақша, спорт шығындарын толтыру, ішкі онлайн-мектепте жаңа мамандықты меңгеріп басқа бағытта жұмыс жасауға болады. 

2015 жылы жақсы нәтиже көрсеткенім үшін Beeline бір топ ең үздік жұмысшыларды Жапония мен Қытай елдеріне инновациялық турға жіберді. Бірнеше жыл компания менің балабақша және қосымша курстардың ақысын толтырды, ал осы жылы медициналық сақтандыруды таңдадым.

Екіншіден, өз әріптестерім. Оларды жұмысқа алғаннан бері танимын, бір команда болып жұмыс істейміз. Әрқайсысын өзім таңдадым, осында жұмыс бастап қазір Канада да жұмыс жасайтындар бар. Олардың дамығанын көру мен үшін - үлкен бақыт.

– Әңгімеңізге рақмет!