Kaspi.kz ҚР Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетімен, Цифрландыру министрлігімен және «ҰАТ» АҚ-пен бірлесіп, қазақстандықтар үшін тағы бір онлайн-сервисті іске қосты. Енді 250-нысан бойынша активтер мен міндеттемелер туралы декларацияны тура Kaspi.kz мобильді суперқосымшасының өзінде тапсыруға болады.
Kaspi.kz басшысы әрі негізін қалаушылардың бірі Михаил Ломтадзе:
«Мемлекеттік органдармен бірлесіп, біз декларацияны тапсыру барысының өзі түсінікті, ыңғайлы әрі көп уақыт алмайтындай етуге тырыстық. Қазірдің өзінде жеке тұлғалар, заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлер Kaspi.kz және Kaspi Pay мобильді қосымшаларының көмегімен көлік салығын, мүлік салығын, табыс салығын, жер салығын, кедендік бажды, ҚҚС мен басқа да көптеген салықты төлеп отыр. 2023 жылы Kaspi.kz-тің онлайн-сервистерінің көмегімен 1,2 триллион теңге, ал 2024 жылдың бірінші тоқсанында 400 миллиард теңгеден астам салық төленді. Бұл 2023 жылдың бірінші тоқсанымен салыстырғанда салық түсімдері 60%-ға артық».
ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитетінің төрағасы Жандос Дүйсембиев МКК жұмысының сервистік моделі мемлекет басшысының тапсырмаларының бірін іске асыру екенін атап өтті:
«Қазақстандықтарға қолайлы болу үшін Салық төлеушінің кабинеті (cabinet.salyk.kz), «Электрондық үкімет» веб-порталы (egov.kz), «Е-Salyq Azamat», eGov mobile мобильді қосымшалары, сондай-ақ жетекші банктердің мобильді қосымшалары, оның ішінде Kaspi.kz арқылы декларация ұсыну бойынша электрондық сервистер іске қосылды. Активтер мен міндеттемелер туралы декларацияны (250-нысан) толтыру оңай, ыңғайлы әрі қолжетімді болды. Декларанттардың 99,9%-ы электрондық нысанды таңдады. Естеріңізге сала кетейін, 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап жалпыға бірдей декларациялау жүйесіне жеке кәсіпкерлер, заңды тұлғалардың құрылтайшылары (қатысушылары), басшылары мен олардың жұбайы (зайыбы) кірді, олар 250-нысанды толтырады. 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап активтер мен міндеттемелер туралы декларацияны азаматтардың қалған санаттары ұсынады. Жалпы алғанда, жалпыға бірдей декларациялау жүйесіне 13 миллион қазақстандық кіреді. Мемлекеттік кірістер комитеті жеңілдету және автоматтандыру саясатын жалғастыратынын атап өтемін».
ҚР ЦДИАӨМ Мемлекеттік қызметтер комитеті төрағасының орынбасары Айнұр Юсупова:
«Өткен жылдың қараша айында Цифрлық даму министрі Бағдат Мусин Үкіметте мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігін арттыру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар мен азаматтарға қолайлы болу үшін енгізілетін цифрлық сервистер туралы есеп берді. Министр ағымдағы жылға арналған жоспарларды белгілей отырып, ҚМ МКК Министрлікпен бірлесіп салық есептілігін тапсыру барысы қайта қаралып, декларацияны жеңілірек тапсыру сервисі енгізілетінін атап өтті. Бүгін Kaspi платформасында аталған сервис іске асырылды. Цифрлық даму министрлігі мемлекеттік қызметтердің бизнес-процестерін реинжинирингілеу бойынша жұмысты жалғастыруда және осы бағыттағы жұмыстар жалғасын табады».
250-нысан бойынша декларация – бұл азаматтың жинақталған активтері мен міндеттемелері туралы есептілік. Оны жалпыға бірдей декларациялау жүйесіне кірген кезде бір рет қана ұсыну қажет. Барлық кейінгі жыл сайынғы декларацияда 250-нысанда бастапқы мәлімделген мүлікке қатысты өзгерістерді көрсетіледі. Сондықтан бұл нысанды дұрыс толтыру өте маңызды.
2024 жылғы 1 қаңтардан бастап 250-нысан бойынша декларацияны заңды тұлғалардың басшылары мен құрылтайшылары және олардың жұбайы (зайыбы), сондай-ақ жеке кәсіпкерлер мен олардың жұбайы (зайыбы), 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстан Республикасының барлық азаматы тапсыруға міндетті.
250-нысан бойынша декларацияны жіберу туралы толығырақ Kaspi.kz мобильді қосымшасындағы «Гид» бөлімінен оқыңыз.