2,5 млрд теңге жымқырды деген күдікті Вьетнамнан елге жеткізілді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Әділет министрлігінің "Сот сараптамалары орталығы" РМКҚ-да мемлекеттік сатып алу жүргізу кезінде 2,5 млрд теңге көлемінде бюджет қаражатын жымқыру схемасын ұйымдастырды деген күдікті Вьетнам Социалистік Республикасынан елге жеткізілді.
Мән-жайы
2023-2025 жылдарға арналған Есірткіге қарсы іс-қимыл және есірткі бизнесіне қарсы күрес жөніндегі кешенді жоспар аясында сот сараптамасы органдарының материалдық-техникалық базасын нығайту мақсатында республикалық бюджеттен 10 млрд теңгеден аса қаражат бөлінген.
Алайда күдікті орталық директоры Р.К. Сатыбалдиев, Мемлекеттік сатып алу департаменті басшысы Д.Б. Искендерова, сондай-ақ, "Марк Инвест" ЖШС және Direct Services ЖШС басшысы А.А. Шинтемировамен сөз байласып, жабдықтардың құнын үш есеге дейін негізсіз көтеру және жалған коммерциялық ұсыныстарды пайдалану арқылы бюджет қаражатын жымқыру схемасын ұйымдастырған.
Сыбайластарына шыққан үкім
Сот үкімімен Р.К. Сатыбалдиев, Д.Б. Искендерова және А.А. Шинтемирова кінәлі деп танылып, олардың әрқайсының мүлкі тәркіленіп, 3 жылдан 8 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған.
Ұйымдастырушы Вьетнамда ұсталды
2025 жылғы наурызда ұйымдастырушыға халықаралық іздеу жарияланып, сот санкциясымен оған сырттай қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылған. Биыл жыл басында ол Вьетнам Социалистік Республикасы аумағында ұсталды.
Қаржылық мониторинг агенттігінің, Интерпол ұлттық орталық бюросының және Сыртқы істер министрлігінің бірлескен жұмысы нәтижесінде күдікті ұсталып, Қазақстанға жеткізілді.
Қылмыстық іс сотқа жолданды.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
Ж. Қадыржанова