25 жастағы футболшы матч кезінде көз жұмды

Португалиялық футболшы Кевин де Каштру жолдастық кездесу кезінде есінен танып, кейін ауруханада қайтыс болды. Ол небәрі 25 жаста еді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі 1bol.kz-ке сілтеме жасап. 

A Bola мәліметінше, жуырда "Реал Массама" клубына ауысқан футболшы "Эштрелаға" қарсы матч басталғаннан кейін шамамен 10 минут өткенде алаңда құлап қалған.

Екі команданың медицина қызметкерлері бірден көмек көрсетіп, оны дефибриллятордың көмегімен қайта тірілтуге тырысқан. Алайда әрекеттер нәтиже бермеді. Футболшы ауруханаға жеткізілгенімен, дәрігерлер оның қайтыс болғанын растады.

Кевин де Каштру 16 тамызда ғана 25 жасқа толған.

Оқиғадан кейін "Эштрела" клубы футболшының отбасы мен жақындарына, сондай-ақ, "Реал Массама" ұжымына көңіл айтты.

Спортшы туралы не белгілі?

Кевин де Каштру Португалияда дүниеге келген. Кейін бала кезінде Англияға көшіп, "Вест Бромвич Альбион", "Бёртон Альбион", "Ноттс Каунти" және "Йорк Сити" жүйелерінде өнер көрсеткен.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз