2,4 миллион теңге: ең көп жалақы сұрайтын мамандықтар белгілі болды

2,4 миллион теңге: ең көп жалақы сұрайтын мамандықтар белгілі болды
Фото: depositphotos.com

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Enbek.kz электрон еңбек биржасындағы бос жұмыс орындары туралы ақпаратты ұсынды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Жоғары жалақыны кімдер сұрайды?

Жұмыс іздеушілер арасында ең жоғары жалақы сұрағандар:

  • ұшқыш - шамамен 2,39 миллион теңге;
  • стюардесса - шамамен 1,43 миллион теңге;
  • электр станциясының бастығы - шамамен 1,32 миллион теңге.

Бұл ретте жұмыс берушілер ең жоғары жалақыны бағдарламалық қамтамасыз ету архитекторы лауазымына (шамамен 1,12 млн теңге), ұшу қауіпсіздігі жөніндегі инженер-инспекторға (шамамен 0,91 млн теңге), маркетинг пен өнімді өткізу бөлімі бастығының орынбасарына (шамамен 0,90 млн теңге) ұсынған.

Бос жұмыс орындары азайып, түйіндемелер көбейген

Маусыммен салыстырғанда Enbek.kz сайтындағы бос жұмыс орындарының саны 3,8 пайызға қысқарған, ал түйіндеме саны 11,5 пайызға өскен.

Еңбек министрлігі мұндай көрсеткіш жазғы кезеңге тән екенін мәлімдеді. Себебі еңбек нарығына оқуды бітірген түлектер келеді.

Шілдеде ең көп бос жұмыс орны білім беру саласында тіркелді: 23,4 мың. Сондай-ақ, жұмыс берушілер өзге де қызметтер көрсету секторында 16 мың, денсаулық сақтау және әлеуметтік қызмет көрсету саласында 10,3 мың, ауыл, орман және балық шаруашылығы саласында 8,2 мың қызметкер іздеген.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget