24 маусымнан бастап 2000 теңгелік банкнот айналымнан шығады: нені ескеру керек?

24 маусымнан бастап 2000 теңгелік банкнот айналымнан шығады: нені ескеру керек?
Фото: depositphotos.com

Алдағы аптада, 24 маусымда Қазақстанда 2012 жылғы үлгідегі 2000 теңгелік банкнот айналымнан шығады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Осыған байланысты Ұлттық банк қатар айналым мерзімі аяқталғаннан кейін де барлық банк пен "Қазпошта" ескі үлгідегі банкноттарды жаңа үлгідегі банкноттарға тағы 3 жыл бойы айырбастайтынын еске салды. Ал Ұлттық банктің филиалдарында мұндай банкноттар қабылдана береді.

Бұған дейін маусымның аяңында 2012 жылғы үлгідегі 10 мың теңгелік банкнот та қатар айналымнан шығарылады деп жоспарланған еді. Алайда кейін оның айналым мерзімі 2027 жылғы шілдеге дейін ұзартылды.

"2 000 және 10 000 теңгелік банкноттардың қатар айналымын бір уақытта аяқтау банк жүйесіне салмақ түсіруі мүмкін. Сондықтан мерзімді ұзарту азаматтар мен бизнеске ескі банкноттарды жаңа үлгіге біртіндеп әрі ыңғайлы ауыстыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, ескі үлгідегі банкноттардың табиғи түрде тозуына жағдай жасайды", — деп түсіндірді Ұлттық банктегілер.

Бұған дейін әлеуметтік желіде жақын уақытта бірден бес түрлі банкнот айналымнан шығады деген жазба тараған еді. Онда әр жылдары шыққан 500, 2 000, 10 000 және 20 000 теңгелік купюралар аталған.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

Massaget.kz
Logotype Massaget